Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтататын жарлыққа қол қойды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл сайлау жаңа саясаткерлер буынының қалыптасуына жол ашады.
"Енді Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланады. Депутаттардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтеді. Ал аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидаттарға дауыс береді. Осылайша, мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталады. Сонда сайлаушылардың мүддесі жалпыұлттық және аймақтық деңгейде толық қорғалады. Өкілді билікке түрлі көзқарастағы азаматтардың келуіне мүмкіндік туады. Азаматтық қоғамның одан әрі дамуына айтарлықтай жағдай жасалады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз: Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы 19 наурызда өтеді
Мұнымен қатар, мемлекет басшысы конституциялық реформа аясында саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетілгенін еске салды. Оның төменгі шегі төрт есе төмендеп, 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайды. Партиялардың әр аймақтағы өкілдерінің саны кемінде 600 адам болуға тиіс еді, ал қазір 200 адамға дейін төмендеді.
"Осы және басқа да жүйелі шаралардың нәтижесінде елімізде көп уақыттан бері алғаш рет бірнеше жаңа саяси партия тіркелді. Сонымен бірге сайлау бюллетеніне "бәріне қарсымын" деген бағанның енгізілуі өте маңызды шешім болды. Партиялардың мәжіліске өтуіне қажетті дауыстың төменгі шегі 7-ден 5 пайызға дейін азайды. Бұл да – елімізді демократияландыру жолындағы айрықша мәні бар қадам. Сайлау үдерісіне қоғамның түрлі өкілдерін барынша тарту үшін заңнамаға басқа да тың өзгерістер енгізілді. Мысалы, депутаттық мандаттың 30 пайызын әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлу заң жүзінде бекітілді", – деді президент.
Оқи отырыңыз: Сайлау бюллетеніне "бәріне қарсымын" деген нұсқа енгізіледі
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мұның барлығы саяси бәсекені күшейтіп, саяси жүйенің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ саясаткерлердің жаңа буынының қалыптасуына жол ашады.
"Сайлау науқанын ұйымдастыру және оны өткізу ісінде аумақтық сайлау комиссиялары маңызды рөл атқарады. Енді облыстық сайлау комиссиялары кәсіби түрде тұрақты жұмыс істейді. Бұл шешім сайлауға қатысты іс-шаралардың сапалы атқарылуын қамтамасыз етеді. Алдағы сайлаудың заңға сәйкес өтуіне, әділ әрі ашық болуына қатаң бақылау жасалады. Бұған Орталық сайлау комиссиясы және Бас прокуратура жауапты. Сайлау науқанын отандық және халықаралық байқаушылар жіті қадағалайды. Осы тұста азаматтарымыздың байқаушы ретінде белсенділік танытуы маңызды. Заңға сай барлық кандидат пен партияның бұқаралық ақпарат құралдарына шығуына бірдей мүмкіндік беріледі", – деді мемлекет басшысы.