Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі тәртіпсіздіктерге кінәлі азаматтардың тек заң аясында жазаланатынын айтты.
"Өздеріңізге мәлім, қаңтар айының басында халқымыз қайғылы оқиғаларды бастан өткерді. Өкінішке қарай, бейбіт митингілерді радикалды күштер өз мақсатына пайдаланып кетті. Лаңкестер мемлекетімізге шабуыл жасап, ел тыныштығын бұзды. Олар билікті басып алуға тырысты. Біз шұғыл шаралар қабылдап, лаңкестерге, қарақшыларға тойтарыс бердік. Заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қалпына келтірдік. Мемлекетіміздің тұтастығын сақтап қалдық. Құзырлы органдар кінәлі адамдарды анықтап, жауапқа тарту үшін тергеу жүргізуде. Бұл жұмыс тек заң аясында жүзеге асырылатынына күмән болмауға тиіс. Бәрі бас прокуратураның және менің жеке бақылауымда болады. Адам құқығын міндетті түрде сақтаймыз", – деді президент.
Еске салсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев бірауыздан Nur Otan партиясының төрағасы болып сайланды. Съезге 389 делегат онлайн-форматта қатысты.