Тікелей эфир

Тоқаев: Біздің парызымыз – қанды қылмыс жасалғанын ұмытпай, содырларды жазаға тарту

Президент құқық қорғау органдарына ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етуді тапсырды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасы кезінде қара жамылған отбасыларға тағы да көңіл айтып, содырлардың жазаланатынын мәлімдеді. 

"Кешегі қатерлі күндерде мемлекет басшысы ретінде халыққа арнап бірнеше үндеу жасадым. Барлық жағдайды азаматтарымызға жан-жақты түсіндіріп жеткіздім. Әрбір шешімді еліміздің мүддесіне сай қабылдадым.Бұл мен үшін бұлжымас ұстаным. Өкінішке қарай, бүлікшілердің, қарақшылардың, лаңкестердің кесірінен қаншама азаматымыз қаза болды? Мен қара жамылған отбасылардың қайғысына ортақтасып, тағы да көңіл айтамын. Енді ешқашан қайталанбауы үшін барлығын жасаймыз. Қазақта "Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ" деген сөз бар. Біздің парызымыз қанды қылмыс жасалғанын ұмытпай, барлық содырлар мен лаңкестерді жазаға тарту. Халқымыз осы оқиғадан сабақ ала білуі керек", – деді мемлекет басшысы.


Оқи отырыңыз: Тоқаев бизнесмендерге: Болашақты Қазақстанмен байланыстырсаңыздар, қаржыны өз елімізге салыңыздар


"Халықтың тыныштығын бұзып, қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әрекетке ешқашан жол бермеуге тиіспіз. Ашығын айтсақ, қазір қоғамда түрлі қауесет тарап жатыр. Бұл ахуал жалған түсінік қалыптастырып, елді адастырады. Сондықтан өткен оқиғалар туралы нақты мәліметті жариялап, оған баға беру өте маңызды. Тіпті, қасиетті парызымыз деуге болады. Жұрт оның астарына үңіліп, себебін терең түсінуі қажет. Күні кеше ғана парламент қабырғасында арнайы тыңдау өтті. Онда құқық қорғау органдары тергеу қорытындылары туралы толық есеп берді. Турасын айтқанда мұндай кең ауқымды талқылау ешқашан болмаған. Депутаттарға, бұқаралық ақпарат құралдарына барлығы ашық айтылды. Қоғамды мазалаған сұрақтарға жауап берілді. Бұл қаңтар оқиғасына әділ баға беруге ең алдымен биліктің мүдделі екенін көрсетеді. Мен мұны толық қолдаймын. Біз ақиқатты айтуымыз керек. Бұл менің жеке қағидатым. Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мәселемен арнайы мекеме аралық шұғыл тергеу тобы айналысуда. Құқық қорғау органдарына жасалып жатқан жұмыс нәтижесін үнемі жариялап отыруды тапсырамын", – деді мемлекет басшысы. 

Еске салсақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың тең жартысының табысы 50 мыңнан аспайтынын айтқан еді. 

Серіктестер жаңалықтары