Павлодар облысындағы Май ауданында қыс басталмай жатып шөптің бағасы екі есеге өсті. Қазір шаруалар өзге өңірлерден шөптің тоннасын 50 мың теңгеге сатып алып жатыр. Олардың айтуынша, биылғы қуаңшылықтан қырда шабындық шөп шықпай қалған, деп хабарлайды "31 арнаның" "Информбюро" ақпарат агенттігі.
Онымен қоса аптап ыстықтың кесірінен шалғы салатын алқаптардың өзі қайта-қайта өртке оранып, жұртты әбден әбігерге түсірген. Малдың күйі кетіп барады деген шаруалар енді төрт түлікті азайтуға тура келеді деп отыр.
Май ауданы халқының басым бөлігі төрт түлікпен жан бағып отыр. Бірақ биылғы қыстан малды қалай аман алып шығарына алаңдайды. Өйткені әне-міне шалғы саламыз деп отырған 2000 гектар жердегі шөп аптап ыстықта жанып кеткен. Шаруалар бірнеше күннен бері қызыл жалынмен арпалысып жатыр.
"Кеше 11 күн болды өртпен арпалысып жатқанымызға. Енді балалардың бәрі жан-жақтан күзетіп жатыр. Бір түтін шықса бірден барады. Енді қатты жанып бара жатса өрт сөндірушілерді шақырамыз. Қалған кішкентай, майда өртті өшіруді өзіміз үйреніп алдық ақырын-ақырын", – дейді шаруа Аманкелді Сұлтанов.
Бүкіл өңірдегі жағдай осындай. Биыл қар ерте еріп, көктемнен бастап жер құрғаған. Онымен қоса, Ертіс өзені жылдағыдай сай-салаға жайылған жоқ. Соның салдарынан көктемде қылтия бастаған шөп шықпай жатып күйіп кеткен. Енді шаруалар өзге өңірлерден шөпті қымбатқа сатып алуға мәжбүр.
"Жылда алып жүрген шөптің жартысы жоқ қой. Қазір шабындықты бастадық. Гектарынан үш-бес центнер гектарынан шығып отыр. Шет жақтан сатып әкеліп малды асырамасақ, басқа амалын көріп отырған жоқпыз", – дейді шаруа Төлепберген Әубәкіров.
Облыс әкімдігіндегілер жағдайды жақсы біледі. Бірақ, қолдан келер шара жоқ дейді. Олар амалсыздан кіруге тыйым салынған орман алқаптарын шабуға рұқсат берген.
Әрі шенеуніктер диқандарға бидай мен арпа сабағын үгіп тастамай, пішен етіп пайдалану үшін тұтас қалдыруға кеңес берген.
"Бұрын Ертіс суы жайылатын шабындықтарда гектарына 18 центнерден шөп жиналатын болса, қазір жеті центнерден түсіп жатыр. Ал қырда гектардан 1,5-2 центнер. Жаңбыр болмай, бәрі күйіп кетті. Сондықтан шөп дайындауға арзан жанар-жағармай бөлінді", – дейді Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Есентай Мүрсәлімов.
Облыс әкімдігі жергілікті бюджеттен малдың қысқы жем-азығын дайындауға 2 миллиард теңге бөледі. Бұл қаржылай көмекті ірі шаруа қожалықтары алады.
Ал қорасында төрт-бес ірі қара мен ұсақ мал ұстап отырған қарапайым тұрғын шөптің бағасы күзде тағы көтерілсе, қалтаға ауыр салмақ боларын айтады.