Тараздық диқандар қант зауытының іске қосылуын талап етіп, шу көтерді

Фото Depositphotos.com
Фото Depositphotos.com
Сондықтан бұл істің нүктесін үкімет қойсын деген талап қойды.

Тараз қант зауыты қайта іске қосылсын деген шаруалар шу шығарды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Диқандар жылда қызылша өткізе алмай сабылып шаршадық деп отыр. Себебі, шетелдік инвестордың еншісіне өткен өңірдегі кәсіпорын төрт жылдан бері бір түйір өнім өңдемеген дейді. Ал зауыт өкілдері жергілікті жерден тәтті түбір қабылдау әзірге бизнес жоспарда жоғын жеткізді. 

Дау айтып дүрліккен диқандар Тараз қант зауыты төрт жыл бұрын ресейлік инвестордың иелігіне өткелі кәсіпорынның игілігін көрмедік деп ашулы. Жиын-терін уағында қызылша өткізудің машақаты мың батпан дейді. Сондықтан бұл істің нүктесін үкімет қойсын деген талап қойды. 

Биыл аймақтың диқандары 650 мың тонна рекордық көрсеткіште тәтті түбір алған. Бірақ жалғыз Меркі қант зауыты бүкіл облысты жарылқай алмапты. Кәсіпорын алдындағы кептелген кезек күз бітіп қыс басталғанда аяқталған. Бұл уақытта мол өнім мал азыққа жарамай қалды дейді жұрт. 

Ал кәсіпорын өкілдері зауытты әзірге іске қоспаймыз деп кесіп айтты. Олар жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлапты. 

"Құрылғылар мұнда 25 жылдан бері тұр. Қай жерге қандай құрылғы қажет екенін біліп отырмыз. Қазір сіздер 100 мың тонна қабылда дейсіздер, 10 тонна болса да бәрібір желіні толықтай жөндеу керек. Ал оны 2025 жылы жөндеп үлгере алмаймыз", – дейді Тараз қант зауыты бақылау кеңесінің мүшесі Қанат Әлиев. 

Шенеуніктер болса мәселенің шешімін тауып қойыпты. Олар шаруаларға өнімді биыл екі есе аз егіңдер деген кеңес берді. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары