Оқиға 15 қараша күні болған. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
15 қарашада сағат 17:30 шамасында облыс орталығының мөлтек аудандарындағы көпқабатты үйлердің бірінен баланың айқайлаған дауысы шыққан. Оны естіген осы үйдің 2-подъезінде орналасқан учаскелік пункттің полиция қызметкері далаға жүгіріп шығады. Ол 5-қабаттың балконында пәтерден шыққан өрттен қорқып, айқайлап тұрған кішкентай баланы көреді.
Учаскелік полиция инспекторы Сәбит Жүрмұхамедов бірден 5-қабатқа көтеріліп, көршілерден балға алып, пәтер есігін бұзып ашқан. Полиция қызметкері көк түтіннің арасында жылап тұрған 6 жастағы баланы тауып, тез арада сыртқа алып шығады. Содан соң “102” арнасына қоңырау шалып, өрт сөндіру қызметі мен жедел жәрдем жіберуді сұраған.
Оқи отырыңыз: Маусымдағы өрттен кейін "Семей орманына" 49 жыл бұрынғы техника берілді
Өрт сөндіріліп, 6 жастағы бала мен полиция қызметкері улы газдан улану диагнозымен ауруханаға жатқызылды. Олардың жағдайы бірқалыпты. Оқыс жағдай орын алғанда жедел түрде әрекет етіп, өрт сөндірушілерді күтпей, өз денсаулығы мен өмірін ойламастан, баланы құтқару үшін пәтерге кіріп кеткен учаскелік инспекторға баланың анасы Сәния зор алғысын білдірді.
"Сәбит дер кезінде әрекет етпегенде не жағдай болатынын тіпті елестете алмаймын. Оған басымды иіп, аналық алғысымды айтамын", – деді ол.
Сонымен қатар, антына адал болып, жоғары кәсібилікпен шара қабылдай отырып, адам өмірін құтқарудағы әрекеті үшін полиция қызметкері Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының бұйрығымен марапатталатын болады.