Тікелей эфир

Таразда тосын ұрлық: айыптұрақтағы екі автобус жоғалып кетті

Дулат Әлиев екі қоғамдық көлігінің құны 5 мың доллар екенін айтады.

Тұрғын Дулат Әлиев Жамбыл облысында айыптұраққа қойылған автокөліктердің жұмбақ жағдайда жоғалуының жиілеп бара жатқанын айтады. Екі жылдан бері жолаушылар автобусын таппай жүр. Айтуынша, прокуратура мен полиция күдікті белгілі болса да, іске көз жұма қарап отыр. Сол себепті мемлекеттік автотұрақтан көлік ұрлау әлдекімдердің бизнесі ме деп күдіктенеді, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы. 

"Мен көлікті досымның не туысымның үйіне қойған жоқпын. Мемлекеттік айыптұрақ – арнайы алаңға қойдым", – деді Дулат Әлиев. 

Тараз тұрғыны Дулат Әлиев екі жыл бұрын банктен несие алған досына кепіл болған. Алайда досының банкке берешегі кешіккен соң, жолаушы таситын екі автобусын полицейлер тоқтатқан. Кейін жолаушыларды түсіріп, айыптұраққа өзі әкеліп қойған. Үш ай ішінде несиені төлеп, кейін автотұрақтан көлігін таппай қалады. Екі көлігі 5 мың долларға бағаланып отыр. 


Оқи отырыңыз: СҚО-да айыппұл тұрағындағы көліктер 500 мың теңге бастапқы бағамен сатылып жатыр


"Екінші жыл болды. Генерал Баймұрзин мен департамент басшысына екі рет кіріп-шықтым. Ешқандай өзгеріс жоқ. Маған ұрлаған адамдар керек емес. Әкімшілік құнын өндіріп берсін деп талап етемін", – деді жәбірленуші Дулат Әлиев. 

Тұрғын сұрастыра келе көлігін кім алғанын анықтағанын айтты. 

"Күдікті бар. Алып кеткен адам белгілі. Күзетшілер алып кеткен адамды сипаттап отыр. Ол қайда өткізді? Оның бәрі белгілі. Темір қабылдайтын жерге барып өткізіп жіберген ғой", – деді жәбірленуші. 

Мұнымен қатар, ол істің бірнеше мәрте қысқартылғанын айтады. Кейін жабылған істі аштырған. Бүгінде істе 29 адамның есімі аталып отыр. Полиция департаменті айыптұрақты күзету әкімдік міндетіне кіретінін айтты.  


Оқи отырыңыз: Қазақстанда жеңіл көлік бағасы қандай жағдайда екі есеге дейін арзандайды?


"Айып тұрағына қойылған көлікті заңсыз айдап алып кеткен. Бұл дерек бойынша қазір күдікті анықталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Қылмыстың азаюына қарамастан, тұрғындар сақтық шарасын есінен шығармауы керек", – деді Жамбыл облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бөлім басшысы Қанат Қожамқұлов. 

Екі автобусынан айырылған Дулат Әлиев қазақстандықтарға қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмайтын айыптұраққа көлігін қоймауға кеңес береді. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары