Тікелей эфир

Таразда субсидия алмаған жеке балабақшалар жаппай жабылудың алдында тұр

Кәсіпкерлердің айтуынша, үш жылдан бері биыл алғаш рет мемлекеттік тапсырысқа конкурс ұйымдастырылды.

Таразда субсидия алмаған жеке балабақшалар жаппай жабылудың алдында тұр. Иелері білім басқармасының әр балаға берілуі тиіс қаражатты созбалаңға салып келетінін айтады. Осы орайда, кәсіпкерлер облыс әкімінен көмек сұрады, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы.

"Қызметшілеріміз айлықсыз қалады. Тәрбиеші, аспазшыларымыз бар. Біз қанша адамға жұмыс орнын ашып отырмыз? Салық төлейміз. Сол себепті бұл проблеманы бір аптада шешпесе қиын болады", – деді "Нұрлы сәт" балабақшасының меңгерушісі Рита Оразбаева.

Жиналғандар пандемия кезінде қаржылай көмектің болмағанын бөлісті. Айтуларынша, үш жылдан бері биыл алғаш рет мемлекеттік тапсырысқа конкурс ұйцмдастырылған.


Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: Мемлекет қолдауына ата-аналар таңдаған балабақшалар ие болады


"Күнде ертеңмен табалдырық тоздырдық. Соңғы рет барғанымызда "14 маусым күні облыс әкімі шешімге қол қойып береді" деді. Телефон арқылы қоңырау шалсақ, "Сіздердің қаулыларыңыз әлі қаралған жоқ. Былтырғы қаулы әлі қаралмады. Күтіңіздер, облыс әкімі әлі қол қойған жоқ" деп айтады", – деді "Райхангүл" балабақшасының басшысы Медет Мәдібеков.

Алайда білім басқармасының басшысы мұндай сөздің аузынан шыққанын есіне түсіре алмады. Ал субсидияның кешігуіне бірнеше сатыдан тұратын қағазбастылықтың қол байлау болғанын айтады.

"Бұл жерде "облыс әкімі қол қоймай жатыр" деген жалған ақпарат. Неге десеңіз, жұмысшы орган білім басқармасы. Білім басқармасы жоспарлы түрде жұмыс жүргізіп жатыр. Негізгі жұмыстарды аяқтадық. Жақын күндері шешеміз", – деді Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзов.


Оқи отырыңыз: Жеке балабақша тәрбиешілері тұрғын үй бағдарламасына қатыса ала ма? 


Білім басқармасы бір ай ішінде қаржы бөлінеді деп уәде етті. Мұнымен қатар, олар балабақшаларда орын тапшылығы болады деген болжамды жоққа шығарды.

Серіктестер жаңалықтары