Субсидия алушылардың басым көпшілігі жылыжай шаруашылығымен айналысатын шаруалар. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
Жылыжайларды мемлекеттік қолдау ауыл шаруашылығы министрлігінің Өсімдік шаруашылығын субсидиялау ережелеріне толықтырулар енгізілгеннен кейін жүзеге асты.
"Осыған ұқсас норма құжатқа елімізде жылыжай көкөністер өндірісін қолдау мақсатында 2023 жылы алғаш рет енгізілген болатын. Бюджет қаражатын тиімді жұмсау сондай-ақ, барлық агротехнологиялар сақталатын жылыжайларды қолдау үшін өндіріс технологияларына сәйкестік сертификатының (есебінің) болуы міндеттелді. Ұлттық стандартты ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитеті АШМ және бизнес өкілдерімен бірлесіп әзірледі. Жаңа норма 2023 жылдың 1 мамырынан бастап күшіне енді. 2023 жылдың 25 желтоқсанындағы жағдай бойынша 814 жылыжай ұлттық стандартқа сәйкестік сертификатын алды, тағы 825 өтінім қарастырылуда", – деп жазылған хабарламада.
Бүгінде Түркістан облысы мен Шымкентте қаласы жылыжай шаруа қожалықтарының иелеріне субсидия төлеу басталды. Желтоқсан айында жылыжайларда көкөніс дақылдарын егу басталады. Ал, субсидия мөлшерлемелері Ережеге сәйкес көшеттердің өнген көлеміне қарай төленеді (1 шаршы метрге белгіленген көшеттердің кемінде 95%-ы).
Түркістан облысында жылыжай фермерлеріне жалпы көлемі 565 млн теңге, Шымкент қаласындағы жылыжайлар үшін 341,9 млн теңге төленбек. Қазір Түркістан облысында 112 субсидия алушының 106-сы шаруа қожалықтарының жылыжайы, 6-ы өнеркәсіптік жылыжай.
Оқи отырыңыз: Абай облысында оқушылар "ақылды жылыжай" жасап шығарды
Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігі жылыжай шаруашылығын инвестициялық қолдау шеңберінде жылыжай кешендерін салу және кеңейтуге берілетін субсидия көлемін 25%-дан 30%-ға дейін арттыру туралы өзгерістер енгізді. Бұл норма 2023 жылғы 10 желтоқсанда күшіне енді.