Тікелей эфир

Светлана Айтбаева: Балаға тілге деген құрмет пен махаббат ана сүтімен дариды

Мәдениет қайраткері балалардың өз ана тілінде білім алуға жағдай жасауға шақырды.

Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің анасы Светлана Айтбаева ұрпақ тәрбиесінде балалардың өз ана тілінде білім алуы маңызды екеніне тоқталды. Осы орайда ол әуежайда болған оқиғаны мысалға келтірді. Бұл туралы мәдениет қайраткері Астанада өтіп жатқан Тамыз кеңесінде айтты. 

"Қазақ мектебінде оқыған балалар елдің атын әлемге танытып, қазақи болмысын жоғалтпаған күйде домбыра тартып, өнер көрсетіп, алған тәлім-тәрбиені жарқыратып көрсететін деңгейде. Қазіргі уақытта ондай бала көп. Балабақшадағы жиналыста ата-аналарға "Балаларымыз әлемдік мәдениет пен өркениеттің арасына барып, жұтылып кеткенін қаламасаңыз – қазақ мектебіне беріңіздер" деп айттым", – деді қоғам қайраткері.

Ол мысал ретінде әуежайда болған жағдайды мысал ретінде келтірді. 


Оқи отырыңыз: Димаштың анасы: Діни көзқарасқа байланысты ұлттық салт-дәстүрден ажырап бара жатқанымыз алаңдатады


"Балаларды күтіп алатын болып әуежайға ертерек бардым. Сол кезде шетелден ұшып келген 5 отбасыны көрдім. Ата-аналары, ата-әжелері бала, немерелерін күтіп алып жатты. Ата-әжесі де, ата-анасы да қазақша сөйлемеді. Бала-шағасы да олармен өзге тілде амандасып жатыр. Бұл маған өте ауыр тиді", – деді ол.

Сондай-ақ ол баланың тіл үйренуінде анасының үлкен рөл атқаратынын айтты. 

"Тілге қатысты көзім жеткен бір дүние бар: егер анасы өз тілінде сөйлемесе, оның ұрпағы қазақшаға мойын бұрмайды. Басқа тілде ойлайған балаға өз тілінде ешқандай ұлттық тәрбие қонбайды. Ұрпақ дұрыс болуы үшін алдымен аналарды тәрбиелеуіміз керек. Тілге деген құрмет, махаббат ананың сүтімен беріледі", – деді Димаштың анасы.


Оқи отырыңыз: Қазақстанның барлық мектебінде ата-аналарға педагогикалық қолдау орталығы ашылады


 

Серіктестер жаңалықтары