
Еліміздің солтүстігінде 180 миллион теңгеге салынған фельдшерлік-акушерлік пункт бір айға жетпей қирап қалды. Салтанатты түрде ашылған медициналық мекеменің төбесінен су ағып, қабырғалары опырылып түскен. Апаттық деп танылған ғимараттан ақ халаттылар ескі әрі тар амбулаторияға қайта көшті, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Медициналық мекеме қазір қайта салынып жатыр. Жан-жақта құрылыс қалдықтары үйіліп жатыр. Осыдан-ақ бұл мекеме әлі ұзақ уақыт жұмыс істемейтінін көруге болады.
"Біз фельдшерлік пунктте көп жұмыс істемедік. Ары кетсе екі апта шығар. Сосын бізді ескі ғимаратқа қайта көшірді. Жаңа нысанда жұмыс істеу қауіпті деді. Өте өкінішті", – деді Советское ауылдық фельдшерлік-акушерлік пунктінің медбикесі Диана Рожицкая.
Оқи отырыңыз: Қызылорданың көпқабатты үйлерінде ыстық су қосу үшін 5 млрд теңге бөлінді
Басы ауырып, балтыры сыздағанда ауданға сабылатын тұрғындар жаңа нысанның ашылуын асыға күткен еді. Бірақ көпшіліктің қуанышы ұзаққа созылмады. Айтуларынша, әкімдіктегілер есеп беру үшін ғимараттың сапасын тексермей, пайдалануға берген. Олар құрылыс алаңында мердігер компанияның жұмысшылары емес әкімдік қызметкерлерінің жұмыс істеп жүргені түсініксіз, дейді.
"Бұл деген көзбояушылық. Ескі амбулаториялық пунктіде жағдай жасалмаған. Енді қалай емделеміз. Жөндеу жұмыстарын шенеуніктер жасап жүргені мені таңқалдырды. Телефонға түсіріп бастап едім жан-жаққа қашып кетті", – Советское ауылының тұрғыны Захар Сушенцов.
Ал ауыл әкімі 180 миллион теңге бөлінген медициналық нысан асығыс салынғанын жасырмайды. Сондықтан қыс бойы тұрғызылған фельдшерлік пункттің іргетасы шөгіп, екі қабырғасы опырылып кетті дейді. Ал әкімдік қызметкерлерін мердігер компания жалдаған екен.
Оқи отырыңыз: Оралда газ жарылып, дәмхана қирады: зардап шеккендер бар
"Мен нақты айта алмаймын. Мүмкін сдельный жұмыстарды істеген шығар. Оларды құрылыс компаниясы жалдаған шығар. Оларды қара жұмыстарды істеуге жалдады. Күн жылынған соң онда екі қабырға отырып қалды. "Не существенно" ол. Содан кейін фап жұмысы тоқтатылды", – Мағжан Жұмабаев Ауданы әкімінің орынбасары Азамат Шәріпов.
Жергілікті биліктің өкілдері апатты жағдайда тұрған нысанды қайта қалыпқа келтіруге кірісіп кетті. Жөндеу жұмыстарын мердігер жүргізбек. Оған бюджеттен қосымша қаражат бөлінбейді деп сендірді.