Тікелей эфир

Солтүстік Қазақстанда ірі қара малдан жаппай бруцеллез анықталып жатыр

Тұрғындар ауылда малдың екі есе азайғанын айтады.

Еліміздің солтүстігінде ірі қара малдан жаппай бруцеллез анықталып жатыр. Қазірдің өзінде бір ғана Ленинский ауылында жүзге жуық сиыр сарып ауруына шалдыққан. Сондықтан ветеринарлар ауру деп танылған ірі қараны жүк көліктеріне тиеп әкетуде. Ал қан сынамаларының нәтижесіне күмәнмен қараған тұрғындар қорадағы жалғыз малын қасапханаларға өткізуге қарсы, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

"Екі сиырым бар еді, екеуін де әкетті. Алдында біреуін, енді екіншісін алды. Қайда, қалай барып күн көретінімізді білмеймін. Жұмыс жоқ, бір зейнетақыға қарап отырмыз. Жарты бағасына әкетіп жатыр, бірақ оған бұзауды да сатып ала алмайсың", – деді Ленинский ауылының тұрғыны Гүлбақша Сыздықова. 

Тұрғындардың айтуынша, Ленинский ауылынан мал дәрігерлері күніне он шақты малды жүк көлігіне тиеп әкетеді. Жаз бойы ауыл азаматтарының 70-тен артық сауынды сиыры мен жас торпақтарын алған. Осы себептен ауылда мал басы екі есе азайған. 


Оқи отырыңыз: Қазақы тазы тарихта алғаш рет Еуропалық Одақ елдерінің дүниежүзілік көрмесіне қатысады


"Көңілге батады, мал ұстау оңай емес. Мал ұстаған соң артынан жүру керек, шөбі мен суын беру керек. Оның бәрі еңбек", – деді Ленинский ауылының тұрғыны Берік Жүзенов. 

Ал мал дәрігерлері барлығының заң жүзінде жасалып жатқанына тоқталды.

"41 малдың иесіне 5,6 миллион теңге өтемақы төленді. Өтемақының 30 пайызын облыс бюджетінен төлесе, қалған 70 пайызын сою алаңындағы кәсіпкерлер төлейді", – деді СҚО ветеринария басқармасының басшысы Аманжол Нұртазин. 


Оқи отырыңыз: Талғарда қожалық иесі егістігіне кірген барлық малды атып өлтірген


Қазіргі күні солтүстіктегі 5 ауданда 170 малдан сарып ауруы анықталып, қасапханаға жіберілген. Мал дәрігерлері бруцеллез ауруы анықталған елдімекендерде әлі де мал басы тексерілетінін айтады. 

Серіктестер жаңалықтары