Тікелей эфир

"Сенбі-жексенбі мыңдаған көлік келіп, саят құрады". Депутат Іле мен Балқаш сағасында аң аулауға мораторий жариялауды сұрады

Табиғи қорыққа бұқар бұғысы, елу бас құлан әкелінген.

Іле өзені сағасында экология бұзылып, аң-құстар азайып бара жатыр. Себебі соңғы уақытта браконьерлер көбейген. Аудан халқы осы өңірде аң аулауға уақытша мараторий жариялауды сұрап отыр, деп мәлімдеді депутат Данияр Қасқарауов. 

Депутат ауданда қанша құс пен жабайы аңның ауланғаны туралы есеп жүргізілмейтінін сынға алды. Айтуынша, бұл туризмнің дамуына да кедергі. 

"Қару асынған қаскөйлер түз тағыларын қынадай қырып жатыр екен. Бірақ құзырлы орган тарапынан қатаң қадағалау жоқ. Оның үстіне аң атуға рұқсат беретін қағаз оңды-солды сатылып жатыр, дейді жергілікті жұрт.  Қанша құс пен жабайы аңның ауланғаны туралы есеп-қисап жүргізілмейді. Бұл бәз біреулердің жеке бизнесіне айналғандай. Сенбі-жексенбі күндері ауданға өзге өңірлерден мыңдаған көлік келіп, саят құрады екен. Салдарынан жабайы аң-құстың популяциясы, Іле мен Балқашта балық азайған. Сондықтан аудан халқы осы өңірде аң аулауға уақытша мараторий жариялауды сұрап отыр. Себебі осындай шектеу шараларын енгізбесек, табиғаттың тепе-теңдігі бұзылып, жан-жануарлар әлемі жойылып кетуі мүмкін", – деді депутат. 

Данияр Қасқарауов ресми жұмыс істейтін 28 демалыс орталығының тек 12-сі Балқаш ауданында тіркелгеніне тоқталды. Олар өткен жылы аудан бюджетіне небәрі 56 миллион теңге салық төлеген. Ал қалған 16 нысанның қожайыны шетелдіктер немесе өзге қалада тіркелген компаниялар.


Оқи отырыңыз: "Лимон өсіріп, жылан асыраймын". Атыраулық кәсіпкер келіншекпен сұхбат


"Кезінде жекенің қолына өтіп кеткен шұрайлы жерлер Іле-Балқаш резерватында орналасқан. Осы табиғи қорыққа бұқар бұғысы, елу бас құлан әкелінген екен. Алдағы жылы Тұран жолбарысын жібермекші. Резерваттың айналасын браконьерлер торып, ортасында жеке демалыс орталықтары орналасса, Қызыл кітапқа енген аң-құстарды қалай көбейтеміз? Президент әр сөзінде туризм саласын дамыту керек деп айтып жүр. Алайда табиғаты әсем жерлерді жандандырудың орнына, аң-құсын қырып, қоршаған ортаны қиратып жатырмыз", – деді Данияр Қасқарауов. 

Осы ретте ол келесі өзгерістерді енгізуді сұрады:

  1. Елімізде әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Дегенмен сол жерлерге барып, демалуға әлі де халықтың қолы жете бермейді. Сондықтан тез арада инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет.
  2. Туризмнің болашағы тікелей кәсіпкерлермен байланысты. Осыған орай әкімдіктер елді көркейтемін деген азаматтарға мейлінше жағдай жасауы керек.

Оқи отырыңыз: Қазақстанға Амур жолбарыстарын әкелуге дайындық қалай жүріп жатыр? Фоторепортаж


 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары