Салтанаттың жылыжайында жемістің түр-түрі өседі. Мұнда лимон, мандарин, алма, алмұрт, шие, қара өрік, нектарин, жүзімнің 2-3 түрін, сары өріктің 2-3 түрін кезіктіруге болады. Одан бөлек, жыл сайын асқабақ, қияр, қызанақ, болгар бұрышы, баялды, сәбіз егетіні тағы бар. Бүгінде жайқалып тұрған жылыжай – қаншама жылғы қажырлы еңбектің жемісі. Атырау жеріне лимонды жерсіндіріп, осы кәсіпті бастап беріп кеткен Салтанаттың анасы Марияш Құрбаниязова екен.
Лимонды Атырау жеріне жерсіндірген – анам
"Анам марқұм агроном болатын. Біз бұрын көпқабатты үйде тұрған кезде анам лимонның дәнін гүлдің ыдысына егіп, баптады. Биіктеген сайын ыдыстарын ауыстырып отырды. Лимон ағашы биік боп өсіп, пәтерге сыймай бастаған кезде анам қалайда осы ағашты жерсіндіріп көруге бел буды. Сөйтіп, 40 сотық жер алып, шаруа қожалығын 2018 жылы аштық. Бизнес жоспарын құрдық, бір жағын жылыжай, бір жағын білім беру орталығы қылсақ деген ойымыз болды. Бұл істі ешкімнің көмегінсіз, өз қаражатымызбен бастадық, несие алдық. Анамның бастамасы сәтті болды. Басында ол кісі бір емес, бес жылыжайды іске қосты. Бәрі пакеттен жасалған еді. Бір жылыжайға қияр, екіншісіне лимон егіп бастағанбыз. Топырақтың құнарлылығын байқағымыз келді. Жаңа жер көшеттерді қалай қабылдайды, соны бақыладық. Қарбыз, лимон, қияр егіп көріп, талай рет эксперимент жасадық. Қазіргі нәтижеге жетеміз дегенше талай сынақтан өттік, қаншама сәтсіз тәжірибе артта қалды. Бастысы, пәтерде өскен тропикалық жеміс ағашын жылыжайға отырғызып, қазір содан жеміс алып отырмыз", – дейді Салтанат.
Желге ұшқан жылыжай
Салтанаттың анасы 2020 жылы карантин кезінде аяқ астынан дүниеден озыпты. 2021 жылдың қысында Атыраудың адуын желі пакеттерді жыртып, жылыжайды бір түнде ұшырып әкеткен. Сонда Салтанат дереу лимондарды құтқару операциясына кіріскен.
"Лимондарды сақтап қалу үшін олардың орнын ауыстырдым. Оларды әрі-бері көшіріп жүргенде, 100 түп лимонның 90 талы суықтан үсіп кетті. Қалған 10 түпті үйдің жанындағы шағын қысқы бағымызға отырғыздым. Өзім агроном емеспін, анамнан үйренген әдістеріммен әйтіп-бүйтіп лимондарды сақтап қалдым. Бәрі тәжірибемен келеді екен, қазір осыларды өсіріп, баптап жүрген жайым бар. Жылыжай күтіміне әкем көмектеседі. Ол кісінің белі ауырады. Маған "ана ағашқа су құй, мынаның түбін босат, тағы біреуін будандастыру керек" деп нұсқау беріп отырады, мен соны орындаймын", – дейді кейіпкеріміз.
Лимон өсіру процесі
Салтанат қазір лимон мен мандаринді будандастырып, тәжірибе жасап жүр екен. Лимонды цитрус жемістердің ішіндегі кірпиязы деп санайды. Себебі, лимон қатты салқын мен ыстықты ұнатпайды, дымқылды жақсы көреді.
"Жас өскінді алдымен шағын ыдысқа егеміз. Ыдысын ауыстыра отырып, бес жылдан кейін ғана жерге отырғызуға болады. Үш жылдан кейін жеміс береді. Оның өнім беруі тікелей күтіміне байланысты. Атыраудың жері тұзды, сортаң болғандықтан, соған үйренісуі үшін жемістерді жылына екі рет, көктемде және күзде будандастырамыз. Тамырының ұзындығы түбегімен бірдей болуы керек. Басында жемістерді цитрусқа арналған топыраққа отырғызамыз. Екі айдан кейін цитрус топырақты азайтып, жергілікті топырақтан қоса бастаймыз. Бірнеше айдан соң түбекті тағы ауыстырамыз, жергілікті топырақтан көбірек қосамыз. Ең соңында лимонды тікелей жерге отырғызамыз. Цитрус жемістерінен бір жылда екі рет өнім алуға болады", – дейді Салтанат.
Хоббиім – жыланмен билеу
Салтанаттың үйі кішігірім зообаққа ұқсайды. Себебі, бұл үйде оның отбасынан бөлек 2 ит, 2 мысық, 1 жылан тұрады. Одан бөлек, тауық пен қоян ұстайды.
"Табиғатты, өсімдіктерді, жануарларды жақсы көретін адаммын. Бұған дейін менің қолтырауын ұстаған кезім болды. Күні кешеге дейін бүркіт асырадым, ал нағашыларым арыстан асырады. Үйім қазір зообақ сияқты, бәріміз бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз", – деп күлді кейіпкеріміз.
Графиня – Салтанат асырап отырған екінші жылан. Оны 2022 жылы Алматыдан арнайы құжатымен, адамға қауіпсіз екені жазылған қағазымен бірге алдырған. Графиняның ұзындығы – 3 метр, салмағы – 25 келі. Тұқымы – питон. Бұған дейінгі Джованна деген жыланын Салтанат 2010 жылы Малайзиядан алдырған екен. Өзі арасында сахнаға, тойларға шығып, жыланмен бірге шығыс билерін билейді. Жыланға деген қызығушылығы қалай басталғанын кейіпкеріміз былайша баяндап берді:
"2010 жылы Атырауға Ресейден жылжымалы цирк келді. Сол цирктің әртістері жыланмен, қолтырауынмен өнер көрсеткенін көріп, қатты әсерлендім. Цирктегі сары түсті, ірі жылан көзіме оттай басылып, бір көргеннен ғашық боп қалдым (күлді). Ресейлік цирк Атырауда бір ай өнер көрсетті. Мен әлгі сары жыланды көру үшін циркке күн құрғатпай барып тұрдым. Содан кейін анамның миып ашытып жүріп, алғашқы жыланымды алдыруға көндірген едім. Өзім бұрын циркте жұмыс істеген емеспін, бірақ, сол өнерді жаныма жақын тұтатыным рас. Жыланға таңдауым түскені сондықтан болар".
Графиня қоян, тышқан, тауықтың балапанын жейді екен. Салтанат сол үшін үйде қоян бағып отырғанын айтты. Жыланы бір жегенде екі қоянды бір-ақ қылғытып, соны 4-5 күн қорытып жатады. "Графиня қоянды тірілей жұтады, қанша дегенмен жыртқыш қой" дейді Салтанат.
Жыланы ауырып қалса, Салтанат оны халық емімен емдейді. "Атырауда мұны емдей алатын мал дәрігерлері аз" дейді өзі. Оның айтуынша, жыландар салқынды онша ұнатпайды, салқын тисе, жөтеліп шыға келеді екен. Сондықтан, жылан жататын арнайы тордың ішінде жарық үнемі қосылып тұрады.
"Графиня үйде, арнайы торда жатады. Бір жерге апаратын болсақ, өзінің арнайы ыдысына салып апарамыз. Үнемі торда қамап ұстаған обал. Арасында үйде еркіне жіберіп қоямыз. Суға түскенді қатты жақсы көреді. Өте таза жануар. Шөптің үстінде жатқанды ұнатады, шөптен энергия алады",- дейді кейіпкеріміз.
Білім беру орталығын ашқым келеді
Салтанат өсіріп жатқан лимон ағаштарының биіктігі – 6 метр. Әзірге бір ағаш 20 келіге дейін жеміс беріп тұр. Кейіпкеріміз жылыжай өнімдерін көбіне онлайн сататынын айтады. Өзінің тұрақты клиенттері бар. Одан бөлек, дүкен, базарларға көтерме бағамен өткізеді екен. "Атырау кішкентай қала ғой, халық бірінен-бірі естіп, өздері келіп жатыр" дейді.
Кәсіпкер "мемлекет тарапынан қандай да бір көмек аласыз ба?" деген сұрағымызға "осы күнге дейін жылыжайға деп ешқандай грант не субсидия алған емеспін" деп жауап берді. Өзінің арманы алдағы уақытта білім беру орталығын ашу екен. Сондай-ақ, лимон бағын ұлғайтып, жылыжай санын көбейтуді жоспарлап отыр.