Наурыз бен жаз айларында өтетін ҰБТ арасында бір ай үзіліс болуы мүмкін. Бұл оқушыларға екінші мүмкіндікті пайдалануға тіркеліп үлгеруі үшін қажет, деп мәлімдеді "Ұлттық тестілеу орталығы" РМҚК директоры Руслан Емелбаев. Бұл туралы Joo.kz тікелей эфирінде айтылды.
"Қаңтар, наурыз және жаз айындағы негізгі ҰБТ-лар өз орнында қалады. Қазір 16 мамыр мен 5 шілде аралығында үздіксіз өткен ҰБТ-ны талқылап жатырмыз. Жоспарымыз бойынша "грант ҰБТ-ның" мерзіміне өзгеріс енгіземіз. Оқушылар екінші тестілеуге тіркеліп үлгеруі үшін арада мерзім қалдыруымыз мүмкін. Өйткені, былтыр үлкен қарбалас болды. 25 мамыр күні бір оқушы алғашқы мүмкіндігін пайдаланса, басқа оқушы екінші мүмкіндігін қолданып жатты дегендей. Сол себепті биыл бір айды үзіліс етіп жариялап, мамырды бос қалдырмақпыз. Оқушылар осы мамыр айында асықпай тіркеле алады", – деді Руслан Емелбаев.
Мұнымен қатар, ұлттық тестілеу орталығының басшысы мамыр айында оқушыларға ҰБТ тапсыру психологиялық тұрғыда ауыр екенін атап өтті.
Оқи отырыңыз: "Дарын" атын жамылған оқу орталықтарының жұмысы тексеріледі
"1, 7, 9 мамырда мереке, сондай-ақ, 25 мамырда өтетін қоңырауға билеп дайындалады. Қалай десек те, соңғы қоңырау бала өміріндегі маңызды күн. Екінші жағынан осының барлығы оқушыға зейінін бір арнаға жинақтауға кедергі келтіреді", – деді орталық директоры.
Бұдан өзге Руслан Емелбаев тамыз айында жылдағыдай ақылы ҰБТ тапсыру мүмкіндігі берілетінін атап өтті.
Оқи отырыңыз: Асхат Аймағамбетов: Ұстаздарға атаққұмар болудың қажеті жоқ