Тікелей эфир

Роза Рымбаева, Димаш Құдайберген және өзге өнер иелерінің гала-концертке қатысу қаламақысы қандай?

Мәдениет министрлігі ұлттық және мерекелік шаралар бюджетін есептеу тәртібін өзгертуді жоспарлап отыр.

Мәдениет және спорт министрлігі мемлекеттік бюджет есебінен өткізілетін ұлттық және мерекелік шараларға қатысатын өнерпаздарға төленетін қаражат мөлшерін арттыруды ұсынды. Нақтырақ айтқанда, іс-шара бюджеті ішіндегі аталған қаламақыға жұмсалатын қаражат үлесін арттыру көзделген. 

Мысалы, қазіргі таңда шараға Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО Халық әртісі, Қазақ КСР Халық әртісі, Қазақстанның халық әртісі санатына жататын өнерпаздар қатысса, оларға төленетін қаламақы шара бюджетінің 10 пайызынан аспауы тиіс. Алайда, бұл қаражат қаламақы төлеуге жеткіліксіз.

"Мысалы, форматына қарай осы санатқа Қазақстан Еңбек Ері, КСРО халық әртісі, Қазақ КСР халық әртісі, Қазақстанның халық әртісі атақтары бар бірнеше суретшілерді бір мезгілде қосуға болады (Әлібек Дінішев – 5 млн теңге, Роза Рымбаева – 5 млн теңге, Айман Мұсаходжаева – 5 млн теңге, Нұржамал Үсенбаева – 2 млн теңге, тағы басқалар). Қоғам өткізген іс-шараларды талдай келе, осы санаттағы әртістердің қатысуын қамтамасыз ету қызметтері үшін нақты көрсетілген қызметтердің құны жоба бюджетінің 25% және одан да көп болуы мүмкін, бұл пайыздық қатынастан асып түседі", – делінген құжаттың негіздемесінде.


Оқи отырыңыз: "Бұл – туған күніме арналған шығарма". Димаш Құдайбергеновтің жаңа бейнебаяны жарық көрді


Сондай-ақ, Мәдениет министрлігі шараға қатысқан Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, "Мәдениет қайраткері" төсбелгі иегері, "Мәдениет саласының үздігі" төсбелгі иегерлеріне төленетін бюджеттің 7 пайыздық үлесі де жеткіліксіз деп есептейді.

Өйткені, бұл санатқа жататын өнер иелерінің қаламақысы да жоғары.

Министрлік мысал ретінде келесі өнерпаздарды келтірген: Димаш Құдайберген – 10 млн теңге және одан жоғары, Майра Мұхаммедқызы – 3 млн теңге, Әлішер Кәрімов – 1,5 млн теңге, Асылбек Еңсепов – 1,3 млн теңге, Нұрлан Абдуллин – 1 млн теңге, Жанар Дұғалова – 1,5 млн теңге, Айгүл Үлкенбаева – 700 мың теңге, Тамара Асар – 1,2 млн.

Соған орай, министрлік бұл санатқа жататын өнерпаздарға төленетін қаражат көлемін іс-шараның жалпы бюджетінің 20 пайызына дейін арттыруды ұсынады.


Оқи отырыңыз: Сазгер Бақытжан Қажымұқанов: Димаш әнімді әлемдік сахнаға алып шықса деймін


Бұдан бөлек, Мәдениет және спорт министрлігі құжат жобасында өзге де санаттарға жататын өнер иелеріне төленетін қаламақы мөлшерін, сонымен қатар іс-шараны сүйемелдеуге қажетті өзге де қызметтерге төленетін ақы мөлшерін арттыруды ұсынған.

Құжат жобасын жария талқылау мерзімі – 10 шілдеге дейін.


16.26. Материал Мәдениет және спорт министрлігінің ақпаратымен толықтырылды:

"Ашық НҚА" порталында қазақстандық әртістердің гонорары туралы қате ақпарат жарияланды. Айта кетейік, әртістер мемлекеттік концерттерге тегін қатысады. Олардың көпшілігі қайырымдылық концерттерге белсенді атсалысады. Мәдениет комитетінің басшылығы мемлекеттік концерттерді өткізуге жұмсалатын шығындарды ұлғайту туралы шешім қабылдаған жоқ.

Серіктестер жаңалықтары