Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадаға еліміздің барлық өңірінен 2 070 оқушы қатысады. Қорытынды кезең 18 сәуірде басталып, 23 сәуірге дейін жалғасады, деп хабарлайды БҒМ баспасөз қызметі.
1 107 оқушы жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер, ал 963 оқушы қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша сынға түседі.
"Қорытынды кезең олимпиаданың барлық алдыңғы кезеңі сияқты Oqylyq.kz платформасында электронды форматта өтеді. Өздеріңіз байқап отырғандай, білім және ғылым министрі ҰБТ, олимпиада және басқа да сынақтарды өткізудің ашықтығына үлкен мән береді. Былтыр біз алғаш рет республикалық кезеңді электронды форматқа көшірдік. Бірақ облыстық кезеңде зияткерлік жарыстар қағаз түрінде өткізілгендіктен, оның қорытындысына ата-аналар тарапынан шағымдар түсті", – деді Тимур Нұркешов.
Оқи отырыңыз: 4 және 9-сынып оқушыларының білімін тексеру басталды
Енді оқушылар арасындағы республикалық олимпиаданың барлық кезеңін өткізу процесінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында сайыстар электронды форматта өткізіледі. Бұл тапсырмалардың жарияланып кету және белгілі бір қатысушылардың мүддесін қолдау қаупін азайтады.
"Былтыр халықаралық олимпиадаларда рекордтық медальға қол жеткіздік. Әрине, бұл әділ іріктеудің арқасы. Енді осы жетістіктерді одан сайын көбейту үшін ауқымды жұмыс атқарамыз. Төртінші кезеңнің жеңімпаздары олимпиадалық резервке өтеді және олар үшін оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылады. Нәтижесінде IMO сияқты ауқымды халықаралық олимпиадаларда Қазақстанның намысын қорғайтын ұлттық құрама жасақталады", – "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры.
Оқи отырыңыз: Мектепте тарих пәні бойынша енді ауызша емтихан тапсыруға болады. Тарихты оқытуда тағы қандай өзгерістер бар?
Олимпиаданы ашық, әділ өткізу үшін процесс онлайн-режимде бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар жарысты мүдделі емес тұлғалар, оның ішінде Adaldyq alańy жобалық кеңсесінің қызметкерлері, ата-аналар комитетінің өкілдері, журналистер, ғалымдар мен ЖОО оқытушылары бақылайды.
Естеріңізге сала кетейік, олимпиаданың мектеп кезеңіне 16 пән бойынша 266 805 оқушы, аудандық кезеңде 96 443, облыстық кезеңде 14 369 оқушы қатысты.
Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері туралы толық ақпарат https://daryn.kz сайтында орналастырылады.