Конституцияға негізгі өзгертулер мен оның бүгінгі Қазақстанның дамуына жасайтын ықпалының маңыздылығы туралы ҚР мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин өзінің youtube арнасында айтты. Ол барлық өзгерту мен толықтыруды 5 ірі бағытқа бөліп түсіндірген.
Супер президенттік билік формасынан классикалық үлгідегі президенттік республикаға түбегейлі көшуді толықтай қамтамасыз етеді. Бұл қалай жүзеге асады?
I бағыт:
- Президент өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде ешқандай саяси партияға мүше бола алмайды. Сондай-ақ конституциялық, жоғары соттың және де өзге де соттың төрағалығы мен судьяларына, орталық сайлау комиссиясының жоғары аудиторлық палатаның төрағалары мен мүшелеріне де осындай тыйым салады. Түзетудің мақсаты – саяси бәсекені арттыру және барлық саяси партияларды дамытуға бірдей жағдай жасау.
- Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметте және квазимемлекеттік субъект секторының басшысы болуына құқығы болмайды.
- Президент, аудан, қала, ауылдық округ әкімдерін лауазымынан босату құқығына ие бола алмайды.
Оқи отырыңыз: Референдумда қалай дауыс береміз?
ІІ бағыт:
Бұл өзгертулер бірқатар билік өкілеттіктерін қайта бөлуге бағытталған.
- Сенаттағы президент квотасының саны он бестен онға дейін қысқарады. Оның бесеуін Қазақстан халқы ассамблеясы ұсынады.
- Қазақстан конституциялық кеңес пен жоғары сот кеңесінің төрағалары лауазымына ұсынылатын кандидаттарды сенатпен келіседі.
- Конституциялық сот құрылады. Конституциялық сот 11 соттан құралады. Бұл қазіргіден 4 адамға көп. Оның құрамы былай жасақталады: 6 судьяны парламент, 4 судьяны президент тағайындайды. Конституциялық соттың төрағасын сенаттың келісімімен президент тағайындайды.
- Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті жоғары аудиторлық палата болып өзгереді. Оның төрағасы жылына екі рет мәжіліс депутаттарының алдында есеп береді. Бұл депутаттардың бюджетті бақылауға қатысты құзіретін кеңейтеді.
ІІІ бағыт:
Біз бұл жерде парламент пен оның палаталарының рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру жайында сөз қозғаймыз.
- Қазақстан халық ассамблеясының мәжілістегі квотасы сенатқа ауысып, ол тоғыздан бес депутатқа қысқарады. Соған сәйкес мәжіліс депутаттарының саны да азаяды.
- Мәжіліс депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланады. Мәжілістің 30 пайызын бір мандатты депутаттар құрайды. Бұл барлық азаматтың құқықтарын толық сақтауға, сайлаушылар мүддесін қорғауға мүмкіндік береді.
- Сайлаушылар бір мандатты сайлау округы бойынша сайланған мәжіліс депутаттарын кері қайтарып ала алады. Мұндай мүмкіндік депутаттар мен сайлаушылар арасындағы жауапкершілік пен сенімге негізделген саяси мәдениетті бекемдей түседі.
- Мәжіліске заңдарды қабылдау, сенатқа заңдарды мақұлдау немесе мақұлдамау құзіреті беріледі. Бұл саяси жүйеге тепе-теңдік пен тежемелік тетіктерді нығайтады.
Оқи отырыңыз: Конституция 1995 жылдан бері қалай өзгерді? Таймлайн
IV бағыт:
"Конституциядағы бұл өзгерістер елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады. Ең бастысы, Конституцияда жер мен жер қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екендігі жайында норма нақты және келісімді түрде бекітіледі. Меншік құқығын халық атынан мемлекет жүзеге асырады. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін президент өңір мәслихаттарының барлық депутатын келісіммен тағайындайтын болады. Сонымен қатар, мемлекет басшысы екіден кем емес кандидат ұсынады. Мәслихат депутаттары оларға дауыс береді. Көпшілік дауысқа ие болған үміткер, аталған лауазымға тағайындалады. Бұдан бөлек жоғарыда айтқанымыздай мәжіліс депутаттарын аралас сайлау жүйесі бойынша сайлау да елді басқару ісіне халықтың қатысуын кеңейтеді", – деді Ерлан Қарин.
V бағыт бойынша түзетулер азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіруге негізделген:
- Конституциялық сот азаматтардың өтініштері бойынша олардың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты ҚР нормативтік-құқықтық актілерінің Конституцияға сәйкестігін қарайды.
- Өлім жазасын жою туралы шешім Конституцияға түпкілікті бекітіледі.
- Прокуратура жұмысы Конституция заңымен бекітіледі. Бұл құқық қорғау қызметінің жүйелі жұмыс істеуін және заңда берілген тәртіпке сәйкес мемлекет атынан ҚР аумағында заңдылықтың сақталуын қадағалауды күшейтеді.
- Адам құқықтары жөніндегі уәкілге иммунитет беріледі және оның мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға тәуелді болмайтынына, ешкімге есеп бермейтініне кепілдік жасалады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жұмысы конституциялық заң арқылы айқындалады.
Оқи отырыңыз: Референдум өткізуге 16,4 млрд теңге жұмсалады
"Біз атап шыққан түзетулер мемлекет ісінің негізгі принциптерін қамтиды және Қазақстан үшін тарихи маңызға ие. Бұл реформалар ауқымды саяси жаңғырудың маңызды бөлігі. Осы түзетулерді қабылдаған соң жиырмаға жуық заңды өзгертуіміз керек. Бұл бізге не береді? Жаңа партияларды тіркеу үшін мүшелерді тіркеу шегі 20 мыңнан 5 мыңға дейін азаяды. Әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарының да лауазымын иеленуге тыйым салынады. Кезең-кезеңмен баламалы дауыс беру түрлері енгізіледі. Облыстық мәслихаты депутаттарын сайлауына аралас сайлау жүйесі енгізіледі. Аудандық және қалалық мәслихатқа тек бір мандатты депуттаттар сайланатын болады. Сот алқаларының қатысуымен қаралатын істердің санаты кеңейтіледі. БАҚ туралы жаңа заң қабылданады және көптеген басқа да бастамалар іске асады", – деді Ерлан Қарин.