Тікелей эфир

ҚР Көкпар федерациясы: Қырғызстан әлем чемпионатына шақырса – диалогқа дайынбыз

Федерация көрші ел спортшыларының қарымта кездесуге шақыруы көкпарға қызығушылық артқанын білдіретінін мәлімдеді.

Қазақстанның Көкпар федерациясы Қырғызстан көкпаршыларының қарымта кездесуге шақыруына қатысты тағы да мәлімдеме жасады. 

"Қырғызстан көк бөрү федерациясының тарапы 1 қарашада өтетін турнирге шақырғаны туралы: көпшілік бұны 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарының финалы бойынша қарымта кездесу деп ойлап отыр. Қырғызстан тарапы ашық тунирге қатысуға шақырды. Ескере кететін жайт, бұл турнир біздің күнтізбелік жоспарымызда жоқ. Ол уақытқа өзіміздің өзге турнирлеріміз қойылған. Алдағы уақытта Қырғызстан тарапы көкпардан әлем чемпионаты немесе халықаралық турнирлерге шақырған жағдайда диалог жүргізуге әзір екенімізді жеткіземіз",  – делінген мәлімдемеде. 

Мәлімдеме мәтініне, сәйкес, Қазақстан Көкпар федерациясы алдағы уақытта да көкпарды халықаралық деңгейде дамыту және тарату жолында бірлесіп жұмыс істеуге дайын. Әрбір халықаралық турнир — бұл елдер арасындағы достықты нығайту мен ортақ мұраға деген құрметті көрсетуге мүмкіндік. 


Оқи отырыңыз: Көкпардан Қазақстан құрамасы Қырғызстанмен қарымта ойынға қатыса алмайды


"Қазақстанның Көкпар федерациясы кез келген келіспеушіліктер спорттық әдеп негізінде шешілуі тиіс екенін атап өтеді. Әлеуметтік желідегі негатив пікірлер, қазақ спортшыларының тарапына айтылған жағымсыз сөздерді де құптамаймыз. Біз қазақ және қырғыз халықтары арасындағы достық пен ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз, бірақ марапаттау рәсімінде өзіне тиесілі жүлдені шешіп тастау, жеңіске жеткен құраманың әнұранын тыңдамай кетіп қалу – бізге жат қылық. Спорттық бәсеке кезіндегі дау-жанжалдар екі елдің арасындағы ынтымаққа кері әсерін тигізбеу қажет. Келесіде бұндай келеңсіз жағдай қайталанбас үшін тәртіптік кеңес отырысы өтетінін, бұл жағдайда тиісті шара қолданатынымызды хабарлаймыз. Спорттағы жеңіс пен жеңіліс қатар жүретінін ұмытпаған абзал", – деп хабарлады федерация басшылығы. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары