Қырғызстанның Көк бөрі федерациясы қазақстандық көкпаршыларды қарымта ойынға шақырған болатын. Алайда Қазақстан құрамасы 1 қарашада жоспарланған реванш мачтқа қатыса алмайды. Мұны Informburo.kz редакциясына Қазақстан көкпар федерациясы мәлімдеді.
"Федерация Ыстықкөл жағасында өтетін Келісім кубогына қатыса алмайды. Осы күндері басқа да маңызды жарыстар жоспарланып қойған. Сондықтан қазір көкпаршылар осы ойындарға дайындалып жатыр", – делінген хабарламада.
Қырғызстан Көк бөрі федерация басшысы Рамис Джунусалиев қарымтай ойын Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы спорт байланыстарын нығайтуға және адал ойынды қамтамасыз ету мақсатында жоспарланғанын айтқан болатын.
"Біз даулы мәселелерді біржола жою үшін қазақстандық тарапқа реванш матчын өткізуді ұсынамыз. Көрші елдің спортшыларына Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында болған құраммен ойынға келуді ұсынамыз", – деді Рамис Джунусалиев.
Еске салайық, Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы Қырғызстанның көкпаршыларынан басым түсіп, жеңіске жетті. Алайда ойын барысында қазақстандық спортшы қарсылас ойыншыны қамшымен ұрып, бұл дауға ұласқан болатын.