
Қазақстанда жаңа салық реформасын талқылау бойынша жұмыс басталды. Бүгіннен бастап 6 арнаулы жұмыс тобының өкілдері ел өңірлерінде бизнес қоғамдастықтармен кездесіп, Үкімет бастамаларын талқылайды.
Кеше Астанада бизнес өкілдерімен басқосуда Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин салық реформасы шеңберінде ҚҚС сараланған мөлшерлемелерін белгілеу жөніндегі Үкіметтің ұсыныстарын айтты.
"Біз мынадай тетікті қарастыруды ұсынамыз: жалпы белгіленген ҚҚС мөлшерлемесі 16%, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-тан толық босату, ал бірқатар салалар үшін – 10% мөлшеріндегі аралық мөлшерлеме. Осылайша, Үкімет ұсынып отырған мөлшерлемелерді саралау: 16%, 10%, 0% және босату", – деп түсіндірді Азамат Әмрин.
Қазіргі уақытта аграрлық секторда шаруа қожалықтары ҚҚС төлемейтіні, ал заңды тұлғалар қолда бар жеңілдіктерге байланысты бюджетке төлеуге тиісті салықтардың тек 30%-ын төлейтіні атап өтілді. Жаңа тетіктер бойынша олардың ешқайсысы ҚҚС төлемейтін болады. Бұл қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін (картоп, қызанақ, пияз және басқалары) бәсекеге қабілетті етуге мүмкіндік береді. 10% мөлшерлеме қолданылатын салалардың түрлері бизнеспен әлі де талқылануда.
Оқи отырыңыз: Қосылған құн салығы деген не және ол қалай есептеледі? Қарапайым түсіндірме
ҚҚС – бұл бюджетті толықтырудың негізгі көздерінің бірі. ҚҚС мөлшерлемесін арттыру және саралау бюджеттің мұнайдан түсетін өзгермелі кірістеріне тәуелділігін азайтуға және мемлекеттік басым жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Салық реформасын іске асыру кезінде ел бюджетіне түсетін салық түсімдері жыл сайын 4-5 трлн теңгеге артады деп күтіледі. Бұл қаражат Ұлттық қорға тәуелділікті азайтуға; мемлекеттік қарыз деңгейін төмендету және инвестициялық жобаларды несиелеуге, даму институттарын нығайтуға, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты, жылу-энергетика жүйесін жаңғыртуға қосымша ресурстарды бағыттауға көмектеседі.