
Соғыс жылдарында Қазақстан майданға қорғасынның 85 пайызын жеткізді. Ал әр төртінші оқ Лениногорскіде (қазіргі Риддер) өндірілген шикізаттан жасалды. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Жеңістің 80 жылдығына арналған "Жеңістің естелігі: ұрпақтар мен халықтардың бірлігі" атты Қазақстан-Ресей конференциясында еске салды.
Министр қазақстандықтардың Жеңіске қосқан үлесіне тоқталып, соғысқа әр бесінші республика тұрғынының аттанғанын атап өтті. Соғыс жылдарында 601 011 адам қайтыс болды, 271 503 отандасымыздың тағдырынан әлі күнге дейін хабар жоқ.
"Соғыс – бұл тек адам шығыны ғана емес, сонымен қатар экономикалық та шығын. Тура мағынасында айтқанда, Қазақстан майданға бәрін берді. Соғыс жылдарында республика майданға қорғасынның 85 пайызын жеткізді, ал әр төртінші оқ Лениногорскіде (қазіргі Риддер) өндірілген шикізаттан жасалды", – деді Аида Балаева.
Оқи отырыңыз: Алматыда Ұлы Жеңіс естеліктеріне арналған халықаралық конференция өтті
Бұдан бөлек, Қазақстан барлық полиметалл кендерінің 79 пайызын, висмуттың 65 пайызын, молибденнің 60 пайызын, мыстың 35 пайызын өндірді.
Өнеркәсіп орындарын жаппай көшіру Қазақстанды индустриялық елге айналдыруға ықпал етті. Барлығы 220 зауыт эвакуацияланып, елде машина жасау, станок жасау, оқ-дәрі өндірісі, химия өнеркәсібі мен қара металлургия сынды жаңа индустриялық салалар қалыптасты.
"Кәсіпорындарды көшіру жанармай, азық-түлік, құрылыс материалдары қатты тапшы кезде жүргізілді. Ал кейбір зауыттардың жапан далада салынғаны – асыра айтылған нәрсе емес, бұл – тарихи факт", – деді министр.