
Алматыдағы Достық үйінде Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралар аясында "Жеңістің естелігі: ұрпақтар мен халықтар бірлігі" атты Қазақстан-Ресей конференциясы өтті, деп хабарлады Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Конференция мерейтойлық датаға арналған Қазақстан мен Ресейдің бірлескен іс-шараларының бастауы болды.
Аида Балаева қазақстандықтардың Жеңіске қосқан үлесіне кеңінен тоқталып, соғысқа республикадағы әрбір бесіншісі тұрғын қатысқанын айтты.
Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Талғат Бигелдинов, Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Леонид Беда, Рахымжан Қошқарбаев, Сағадат Нұрмағамбетов, Сергей Луганский есімдері Жеңіс тарихына алтын әріптермен жазылды. Кеңес Одағының Батыры атағына 528 адам ие болды.
Кейінірек есептелгендей, соғыс жылдары қазақстандық концерттік ұйымдар майданда, майдан шебінде, госпитальдерде 36 525 рет өнер көрсеткен. Бұл кезде республикаға эвакуацияланған киностудиялардың базасында отандық кинематография дамып жатты. Осы жылдары қалыптасқан қазақстандық мамандар кейін қазақ киносының негізін қалады.
"Айта кетерлігі, 1943 жылы "Қазақфильм" киностудиясында режиссер Ефим Аронның "Белая роза" фильмі түсірілді, онда жаралы офицердің рөлін Шәкен Айманов сомдады. Бүгінде "Қазақфильм" осы аңызға айналған актер әрі режиссер есімін иеленіп отыр. Ресей мен Қазақстан кинематографистерінің шығармашылық процеске бірігіп жұмыс істеуі ұлттық киноиндустриямыздың негізін қалады", – деді Аида Балаева.
Ол жылдары тек кинематографияда ғана емес, басқа салаларда да көптеген туындылар дүниеге келді. Соғыс поэзиясының жауһары – қазақ ақыны Жамбылдың қоршаудағы Ленинградқа арнаған хаты – "Ленинградтық өренім" атты өлеңі.
Отандастарымыздың ерлігі қазақ мәдениет қайраткерлеріне шабыт берді. Дәл осы соғыс жылдары, 1944 жылы композиторлар Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди Қазақ КСР-інің алғашқы Мемлекеттік гимнін жазды. Сонымен қатар, соғыс жылдары қазақтың дәстүрлі фольклорлық жанры – айтыс қайта жаңғырды.
Конференция аясында 2025 жылға арналған Қазақстан-Ресей гуманитарлық ынтымақтастығы саласындағы іс-шаралар жоспарына қол қойылды.