
Батыс Қазақстан облысында балабақшада түрмедей тәртіп орнатқан тәрбиеші мен бала күтушісі жұмыстан қуылды. Ата-аналардың айтуынша, бөбекжай қызметкерлері кішкентай бүлдіршіндерге қол көтеріп, жылағандарын дәретханаға қамап жазалаған. Тұрғындар бейнебақылау камерасын көтертіп, талай сорақылықтың куәсі болған, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Буыны қатпаған бейкүнә бүлдіршіндерді білектің күшімен тезге салған тәрбиешінің әрекеті бейнебақылау камерасына тайға таңба басқандай жазылған. Қызметкер біреудің әлпештеген ұл-қызына қол көтеріп, шымшып, жұлқылап жүр. Ал ата-аналар қызметкердің озбырлығы мұнымен бітпейді деп ашулы.
"Менің балам бір күні дәретханаға қамап қойды деп келді. Оның бұл сөзіне әрине мен сенбедім. Бірақ бейнежазбада тәрбиеші балаларды жұлқылап, анда қамаймын деп әжетхананы көрсеткен. Шымшып, отырғыштан итеріп жіберген. Сосын бір жаққа көтеріп алып кетеді. Қызым балабақшаға бармаймын деп жылайтын болды", – деді Новенкий ауылының тұрғыны Динара Гусманова.
Оқи отырыңыз: Жетісу облысындағы Панфилов ауданы қалай дамып жатыр? Фоторепортаж
Балабақшаны басына көтерген ата-аналар камера жоқ жерде талай сұмдықтың болғанына сенімді. Оған қоса, балалардың үнемі денесі көк ала қойдай көгеріп келетіні жиіледі дейді. Наразы топтың айтуынша, тәрбиешілер бөбекжайды түрмеге айналдырып, темірдей тәртіп орнатқан.
"Біздер де камерадағы материалды көрдік. Масқара. Тарелканы қолынан жұлып алып жатты. Сабақ өткізбеген де кездер болды. Білгендерін істеген. Тәрбиешілер бізден кешірім де сұрады. Мөлдір апай келесіде қайталанбайды деп. Демек ісін мойындап отыр", – деді Новенкий ауылының тұрғыны Мөлдір Османова.
Оқи отырыңыз: "Балабақшалар айыппұлды несие алып төлеуге мәжбүр". Көшербаев депутаттарға жауап берді
Новенкий ауылындағы шудан кейін білім бөлімінің өкілдері тәрбиеші мен оның көмекшісі жұмыстан шығарылғанын жеткізді. Балабақша меңгерушісіне сөгіс беріліпті. Шенеуніктер тексерістің қорытындысынан кейін қосымша шаралар қабылданады деп сендірді.
"Комиссия құрылды. Біз келеңсіз жағдайдың ақ-қарасын анықтаймыз. Бейнежазба бар болса, куәгерлер бар болса мұның бәрін анықтау қиынға түспейді. Тексерістің қорытындысы бойынша нақты шешім шығады", – деді Бәйтерек ауданы білім беру бөлімінің бас маманы Әлібек Аманбаев.
Полиция департаменті "кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау" бабы бойынша тергеуді бастады. Ал балаларымыз психологиялық соққы алды деген ата-аналар кінәлілердің қатаң жазалануын талап етеді.