Алматыда өткен "Алтын Орда өркениеті: рухани мұра және дәстүр жалғастығы" халықаралық конференциясының аясында Алтын Орда ханы Өзбек ханға арнайы дайындалған қасиетті Құран кітабының көшірмесі таныстырылды. Бұл көшірме Қазақстанға Түркиядан әкелінген. Ал түпнұсқасы Түркияның Кутахия қаласындағы Вахид паша кітапханасында сақтаулы тұр.
"Қазақстан мұсылмандары дін басқармасының атсалысуымен Ислам ғылыми-зерттеу институты алтын сиямен көшірілген Өзбек хан Құранының көшірмесін елге әкелді", – деді кітапты таныстырған ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Оның айтуынша, бұл Құранды 1318 жылы Бадр Хамадани деген кісі арнайы көшіртіп, Жошы ұлысының билеушісі Өзбек ханға табыстаған. Мұны қолжазбадағы "Моңғол-қыпшақ елінің билеушісі Өзбек хан үшін" деген қолтаңба айғақтайды.
Оқи отырыңыз: Бас мүфти Кенесары ханның Құраны жайлы: Кітапта қазақтың екі ірі тұлғасының мөрі бар
Тарихқа шолу жасаған бас мүфти Берке хан билікке келген 1258 жылдан бастап Алтын ордада Ислам дінінің даму дәуірі басталғанын, Өзбек хан билікке келген 1312 жылдан бастап Алтын ордада Ислам діні нығая түскенін еске салды.
"Қазақ арасында бұл жайында "Өзбек ханның тұсында атамыз қазақ дін баққан, Алтын Орда хандары жердің жүзін шаңдатқан" деген сөз қалған. Шәкәрім қажы Құдайбердіұлының: "Өзбек хан мұсылман болды және бүкіл халқын мұсылмандыққа бет бұрғызды. Осыдан бері халқымыз дінін өзгерткен емес", – деп жазғанындай, Өзбек хан Ислам дінін қабылдау арқылы Алтын Орданы күшейтті. Өзбек хан Жошы ұлысында Исламды мемлекеттік дін дәрежесіне көтеріп қана қоймай, мешіт-медреселер салдырып, Исламның жаһандық дінге айналуына жол ашты", – деді ҚМДБ Төрағасы.