Тікелей эфир

Бас мүфти Кенесары ханның Құраны жайлы: Кітапта қазақтың екі ірі тұлғасының мөрі бар

Құран болашақта Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне табысталады.

ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістан басылымына берген сұхбатында Кенесары ханның Құраны жайында пікір білдірді.

"Президент Ұлттық құрылтай кезіндегі баяндамасында айтқандай, бұл Құран екі ғасыр бойы қолдан қолға өтіп, кейін шет елге шығарылған екен. Аллаға шүкір, жанашыр азаматтардың, меценаттардың көмегімен елге оралды. Бұл Құранның ерекшелігі – қасиетті кітап дін қайраткері Марал ишанға тиесілі болған, кейін Кенесары ханға берілген. Кітапта қазақтың екі ірі тұлғасының мөрі бар. Бұл Құран – қазақтың үлкен жәдігері. Сондықтан оны сақтап, қадірлеуіміз керек. Құранның оралуы – жақсылықтың нышаны. Осы қасиетті кітап пен бірге елімізге құт-береке дарысын деп тілеймін! Алла қаласа, Діни басқармаға берілген соң, құнды мұраны Түркістандағы қастерлі орын Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне табыстаймыз", – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.


Оқи отырыңыз: Екі ғасырлық тарихы бар Кенесары ханның Құран кітабы Ясауи кесенесіне қойылады


Еске салайық, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылғанын хабарлаған болатын.

"Бұл – еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиға. Марал ишан барша қазаққа танымал адам болған. Ол – төл тарихымызда ерекше орны бар Кенесары ханның үзеңгілес серігі. Бұл Құран екі ғасыр бойы қолдан қолға өтіп, ақыры шетелге шығарылған екен. Отандық және шетелдік ғалымдар Құранды мұқият зерттеді. Құранның, расында, Марал ишанға тиесілі болғаны және Кенесары ханға берілгені анықталды. Кез келген өркениетті ел өзінің тарихи мұраларына зор құрметпен қарайды. Оны қастерлеп, мұражайға немесе басқа да арнайы орындарға қояды", - деді президент.

Ол, сондай-ақ Құранды қалпына келтіріп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойған жөн деп санайтынын айтты.

Серіктестер жаңалықтары