Мемлекет басшысы екінші ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде кітап басып шығару ісінің маңыздылығына тоқталды. Айтуынша, қазір әдеби кітаптардың басым бөлігі шетелден әкелінеді.
"Идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі – кітап басып шығару ісі. Қазақстан нарығында шетел өнімдері басым екені жасырын емес. Әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді. Бұл үрдістің салдары қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару өте маңызды. Смартфон баланың қолындағы кітаптың орнын баспауы қажет", – деді президент.
Сондай-ақ, ол мектеп кітапханаларындағы көркем әдебиет үлесінің аздығына тоқталды. "Балалар кітапханасы" атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырды.
Оқи отырыңыз: Шыңғыс Мұқан: Мені қызметтен кетірген "Қазақстанды дамыту үшін не істеу керек?" деген сұрақтың жауабы
"Қазір еліміздегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Бірақ, ондағы көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз. Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ, бұл мәселемен шұғылдану керек. Басқа жол жоқ. Сондықтан, "Балалар кітапханасы" атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.