Тікелей эфир

Шыңғыс Мұқан: Мені қызметтен кетірген "Қазақстанды дамыту үшін не істеу керек?" деген сұрақтың жауабы

Сурет: Шыңғыс Мұқанның желідегі парақшасынан
Сурет: Шыңғыс Мұқанның желідегі парақшасынан
"Мазмұндама" жобасы аясында биыл 111 кітапты қазақша сөйлету жоспары бар.

Әлемдік бестселлер кітаптарды қазақ тілінде сөйлетіп жүрген "Мазмұндама" жобасының авторы Шыңғыс Мұқан Қазақстан халқын алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосу үшін алдымен ана тілдің мазмұнын байыту қажет екенін айтады. Оның арманы – бүкіл әлем сүйіп оқыған көркем әдебиетті қазақ тіліне аударып қана қоймай, әрбір қазақ баласының туған тілінде кез келген ғылымды кәсіби деңгейде меңгеріп, өзін де, өзгені де сүйіспеншілікке бөлей алатын азамат болып өсуіне жағдай жасау. Осы орайда, Harvard University түлегі қазақ тілін "жұмсақ күшпен" дамыту жолдары, отбасылық өмірдегі ұстанымдар және мемлекеттер арасындағы ерекшеліктер туралы әңгімеледі. 

– 2022 жылдың соңында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметінен кеттіңіз. "Бұл шешім бір күнде туған жоқ. Біраздан бері пісіп-жетілді" дедіңіз. Шешіміңізге не әсер етті және мемлекеттік қызметтен кеткелі өміріңіз қалай өзгерді?

– 2016 жылы Атырау облысында дәл осындай қызметте болдым. Мені "Барлығымыз Қазақстан халқының бақуатты, мықты болғанын, дамыған елдердің қатарына қосылғанын қалаймыз. Ал ол үшін не істеу керек?" деген сұрақ мазалады. 15 жыл мемлекеттік, 9 жыл саяси қызметте жүріп, мемлекеттік қызметкер ретінде ойға алғанымды жүзеге асыра алмайтынымды түсіндім.

Оның үстіне бұған дейін шетелде білім алып, не істеу керектігін үйренген жайым бар. Кез келген нәрсені дамыту үшін ең төменгі бөлік – адам капиталын дамытудан бастаймыз. Адам капиталы таза ауа жұтып, су ішіп, тамақ жесең өздігінен дами беретін ағза емес. Оның қорегі – интеллектіні дамыту. Осылайша, Қазақстанның дамуына базис болатын қазақ тілінің мазмұнын дамыту жұмысын қолға алайын деп шештім. 

Мемлекеттік басқару жүйесіндегі жұмысты кез келген адам алып кете алады. Ал мен атқарып жатқан жұмысқа кез келген адамның тісі бата бермеуі мүмкін.

Біріншіден, шет тілдерін жетік біліп, аударма саласының білікті маманы болуың керек.

Екіншіден, үлкен наным қажет. Наным жоқ жерде ұзаққа шаба алмаймыз.

Ал менің нанымым – Қазақстанды дамыту үшін қазақтарды дамыту керек, қазақтарды дамыту үшін қазақ тілін дамыту керек, қазақ тілін дамыту үшін оның мазмұнын байыту керек.

"Мазмұндама" идеясы осыдан шығып отыр. Себебі, дамыған мемлекеттердің барлығында дерлік сол жердің халқы сөйлейтін тіл дамыған. Ал бейшара, артта қалған елдердің ана тілінде адамзат үшін пайдалы ақпарат көлемі аз. Яғни, мені қызметтен кетірген Қазақстанды дамыту үшін не істеу керек деген сұрақтың жауабы.

Сурет: Шыңғыс Мұқанның желідегі парақшасынан

 


Оқи отырыңыз: Үштілділік саясаты мен жаһандану. Қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамытуға не кедергі?


– "Мазмұндама" жобасындағы бір кітаптың өмірі қандай? Аударуға кітапты кім, қалай таңдайды? Біз дайын өнімді көреміз, аләр кітап оқырман қолына жеткенше қандай жолдан өтеді? 4 жылда 164 кітап шығардыңыздар, бұл – үлкен еңбек. Оның артында кімдер тұр?  

– Біздің мақсатымыз – қазақ тіліндегі ғылыми әдебиеттер мен оқулықтар санын көбейту. Қазақ мектебін бітірген бала өз ана тіліндегі кітаптар арқылы білім алып, өзі қалаған кез келген мамандықтың иесі атанса деген арманымыз бар. Алайда бұл салаға әлі де аяқ баса қоймадық. Бұл үшін үлкен қаржы мен білікті мамандар қажет. Ал бізде мұның екеуі де жоқ.

Бұл саланы 2-3 мың кітап шығарып құтқара алмайсыз. Оның өзінде мұнша кітапты шығаратын аудармашы дайындайтын жүздеген университет жоқ. 

Біз неден бастадық? Ең бірінші кезекте жалпы көпшілікке арналған әрі танымдық әдебиеттерді аударуды қолға алдық. Себебі көркем әрі танымдық әдебиет баршаға түсінікті және оларға сұраныс та жоғары. Кітаптарды көбірек аудару үшін бұған дейін шығарған кітаптарымыздың көп тиражбен сатылғаны керек. Мұнымен қатар, барынша күнделікті өмірге қажет кітаптарды таңдауға тырысамыз. Мысалы, жүкті әйелдердің не ішіп-жемеуі керектігі және босанғанға дейін өзіне қалай күтім жасау керектігі туралы кітапты аудардық. Ғылымға негізделген мұндай кітаптар беби-бум заманында өте өзекті.

Ал аудармашылар мектебі үзіліп қалған емес, жоқтың қасы. Бір кездері орыс тілінен қазақ тіліне аудармалар жасалды. Бірақ оны ақын-жазушылар жасады. Біз осы мектепті ары қарай қалыптастырғымыз келеді. Жалғыз біз емес, мұндай аудармамен Steppe & World командасы да айналысып жатыр. Қалған баспалар бұрын шыққан кітаптарды қайта басып шығарады. Арасында отандық авторлардың туындысын шығаратындар да бар. Ал адамзат ойын қазақ тілінде сөйлетіп жатқан баспалар кемшін.

Жуырда осы мәселеге қатысты Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ жайында пост жаздым. Ол қазақ тілін бүкіл әлеммен байланыстыратын Қазақстанның "Оксфорды" болуы тиіс оқу орны. Біз әлем бойынша дамыған Лингва Франка тілдерінен аудармашы іздеп жатырмыз емес пе? Басқасын шетке қойғанда, ағылшын, француз, неміс, испан тілдерінен аудармашы табу қиын. Ракета, ұшақ жасайтын мамандар жетіспей жатса түсінуге болатын еді. Десе де, бұл үшін ешкімді кінәлауға болмайды, бар күшті аудармашылар мектебін қалыптастыруға жұмсау қажет. Өйткені, маман өзіне қажеттінің 70 пайызын жұмыс орнында үйренеді. 

– 2023 жылға жоспарларыңыз қандай? "Мазмұндаманың" қанша кітабы қолымызға тиеді?

– Биыл 111 кітап шығаруды жоспарлап отырмыз, ішінде 70 пайызы – шетелдік бестселлерлер. Олардың барлығы дерлік қазақ тілінде алғаш рет сөйлеп жатыр. Мұнымен қатар, отандық жазушылар мен жастардың кітабын шығаруды жоспарлап отырмыз. Қалай десек те, мұның барлығы қазақ тілінің мазмұнын дамытуға бағытталған жұмыстардың бір тамшысы ғана. Ресейдің ең танымал баспасы айына 500 кітап шығарады, біздың мақсатымыз – соған жету. 

Сурет: Шыңғыс Мұқанның желідегі парақшасынан

– Сайлауға дейін шығады деген "Дұрысшыл сана" кітабымен қалай таныстыңыз? Бірде "оның өзіндік хикаясы" бар деген едіңіз. 

– 2018 жылдары Америкада білім алып жүргенде профессорым соңғы оқыған кітаптарының ішінде өзіне ерекше ой салғанын атады. Төрт-бес кітаптың ішінде "Дұрысшыл сана" маған да ұнады. Мораль психологиясы туралы бұл кітапты ғылымды сырттан келіп насихаттайтын емес, білікті ғалым жазып шыққан. Егер адамзат прогресінің табыстылығы туралы оқығыңыз келсе, осы кітаппен танысуға кеңес беремін.

Бұл кітаптың сырын бірауыз сөзбен бөлісе аламын: "Қазір прогресске қол жеткізуіміздің себебі – ынтымақтастық". Кітапты осыдан 6 жыл бұрын оқып шыққанымда, нағыз қазаққа керек еңбек деп ой түйдім. Осылайша, кітапты араға 6 жыл салып аударып отырмыз, қаржы мәселесі шешілсе, бұл кітап та көп ұзамай жарық көреді.

– Сіздерде кітапты сату мәселесі жолға қойылған ба? Өкінішке орай, танымал кітап дүкендеріндегі кітаптардың 10 пайызы ғана қазақ тілінде. 

– Адам нан жемесе аш қалады және бұл аштық қатты сезіледі. Кітап оқымау да рухани аштық, бірақ, өкінішке орай, ол біріншісі секілді тән мен жанды қатты мазаламайды.

Рухани қажыған ұлт құлдырайды. Оның үстіне білім жүйесінде прогресс өте баяу жүреді. 1-сыныпқа аяқ басқан баланың қандай білім алып шығатынын, қандай болатынын тек 11 жылдан кейін ғана біле аласыз.

Темір бұлшық етті қалай шынықтырса, бұл кітаптар миды дәл солай дамытады. Қазақстандықтардың кітапты көп немесе аз оқитыны туралы зерттеулер бар ма, білмеймін. Бірақ, кітапты көп оқитын мемлекеттер арасында Қазақстан жоқ.

Еуропа, Қытай және Үндістан елінде әр адам орташа есеппен жылына 8-9 кітап оқиды. Егер сіз күніне 10 бет кітап оқысаңыз, жылына 12 туындымен танысасыз. Осылайша кітапты көп оқитын адамдар қатарына қосыласыз. Жалпы бір нәрсені тұтыну үшін ол зат материяда болуы тиіс. Яғни, кітап дүкендерінде танымал шет тілдерінің қасында міндетті түрде қазақша нұсқасы қатар тұруы керек. Мұны бізге ешкім сырттан келіп жасап бермейді, оны тек өзіміз реттейміз. 


Оқи отырыңыз: "Жыл сайын 60 млрд теңгені жерге көмеміз". Экологпен сұхбат


– Сіздер аударған кітап ауыл баласының қолына жете ме? 

– Мен өзім ауылдан шықтым. Алматыға алғаш келгенде ағылшын тілі түгіл, орыс тілін де білмедім. Бізде шыққан кітапты ауыл баласының қолына жеткізудің екі жолы бар. Біріншісі – кітапты сатып алып, оларды ауыл кітапханасына беру. Мысалы, мектептердегі әр кітапханада "Дұрысшыл сана" кітабының бір данасы тұрса, оны балалар алып оқиды. Алайда, мемлекетте бұған қатысты бір ізге түскен жүйе жоқ. Мемлекет тарапынан сатып алушы болса, бұл сала дамитын еді. Қазір бұл іспен оны өзінің миссиясы деп қабылдаған, өзіндік нанымы бар азаматтар ғана айналысып жатыр.

Екінші жолы – әр ауылда кітап дүкенін ашу. Осыны жүйе етіп қалыптастыру үшін зерттеу жүргізіп жатырмыз. Бәлкім, кітапхана секілді барып оқуға болатын немесе сатып алатындай етіп жасау үшін...

– Сұхбаттарыңыздың бірінде "Балам орысша білмейді" деген едіңіз. Бұл рас па? Егер рас болса, балаларыңыздың рухани қажеттілігін өтеуге қазақша контент жеткілікті ме? Бұл сұрақ тек кітапқа қатысты емес... 

– Білмейтіні рас, себебі әйелім екеуіміз үйде орысша сөйлемейміз. Балам 1-2 сыныптарда Америкада оқығандықтан, тілі ағылшынша шықты. Осылайша, шетелде үйде қазақша, мектепте ағылшынша сөйлесуге дағдыланды. Елге оралған соң орыс тілін үйренуге қажеттілік болмады. Себебі, өзіне қажет контенттің бәрі ағылшын тілінде бар. Мультфильмдер болсын, басқасы болсын – бәрін түпнұсқадан көреді.

Қаза тілі арқылы әлем руханиятымен сусындау мүмкін емес. Ал орыс тілі пәнінің мұғаліміне "бұл балаға қазақ деп емес, шетелден келген бала деп қараңыз" дедік. Өйткені, қазақ балаларының бәрі орысшаға жүйрік. 

– Қазақ тілі, дін, саясат, тек туралы айтқан кезде біз бөлінеміз. Бірақ, қазақ тілін білмесе де, Қазақстанға, ұлтқа еңбек сіңіріп жатқандар көп. Айналып келгенде, олардың бәрі – өз қазағымыз. Ана тілімізді қазақтың арасына жік салмайтындай тағы қалай дамытуға болады? 

– Мен тіл, ұлт, жыныс, тайпа болып бөлінуге қарсымын. Біз "қазақ тілін білмейсі"ң деп біреудің бетіне басып, ешкімді алалап жатқан жоқпыз. Қазір тек қазақ тілін білу арқылы ұшпаққа шыға алмайсыз, маман болу қиын. Кеңес өкіметі заманынан көп нәрсе өзгерген жоқ.

Бірақ, бұл Қазақстанға тек қазақ тілін білетін мамандар әсер етіп жатыр деген сөз емес. Елдің дамуына Қазақстанда жұмыс істеп жүрген шетелдіктер де айтарлықтай үлес қосып жатыр.

"Қаза тілі дамымай жатыр" деп байбалам салудың қажеті жоқ. Қазақша сөйлемей ме, керісінше өз еркімен қазақша сөйлейтіндей жағдай жаса. Көшбасшы болу деген осы. "Неге қазақша сөйлемейді?" емес, "Басқалардың қазақша сөйлеуі үшін мен не істедім?" деген сұрақ қояйық. 

– Сіз үш ұл, бір қыздың әкесісіз. Бала тәрбиесінде ұстанатын үш қағидаңыз қандай?

– Психолог немесе осыған ұқсас саладағы кәсіби маман болмаған соң мен үшін қиын сұрақ. Мектепте физика, математика, химия секілді пәндерді оқытады. Солардың ішінде математикадан алып-қосуды, көбейту мен бөлуді ғана өмірде керегімізге жаратамыз. Осы пәндердегі басқа формулаларды өміршең деп айта алмаймыз. Неге осылардың орнына немесе қатар қалай бақытты отбасы болуды, ерлі-зайыпты арасындағы жылы қарым-қатынасты сақтап қалу, болашақта өз балаңа өнегелі тәрбие беруді үйретпейді деген ой келеді. Өйткені бала ересек өмірде отбасында не көріп өссе, соны жазбай қайталайды. Мемлекет болашақ ұрпағының жақсы болуын қаласа, бар тәрбиені мектепте баланың бойына сіңіріп үлгеруі тиіс. 

Қазақтың бала тәрбиесіне қатысты даналығы көп шығар, бірақ ата-анамыз бүйтті-сүйітті деп айта алмаймын. Барлығын кітап арқылы танып білдік. Ата-ана мен бала арасындағы эмоциялық байланыстың қаншалықты маңызды екеніне көзіміз жетті.

Сүйіспеншілікті сезініп өскен бала ғана айналасындағыларды махаббатқа бөлей алады. Бейсаналы, саналы түрде бақытты болуға жолы ашылады. 

  • Біріншіден, өз нанымым бойынша балаларға ұрыспауға тырысамын. Күнделікті құшақтап, бетінен сүйіп жақсы көретінімді айтамын.
  • Екінші дүние – еркіндік беру. Баламның үлкені 12 жаста. Әйелім екеуіміз ешуақытта олардың сыртынан шешім қабылдамаймыз. Киім алу керек болса да, үйірмеге жазсақ та, кітап сатып алсақ та, бірінші өзімен ақылдасамыз. Сөз бостандығына ерекше көңіл бөліп, ұнамағанын жасырмай айтуға дағдыландырамыз.
  • Үшінші – қандай жағдай болмасын агрессияға жол бермеу. Алдап-сулап, мақтап отырып тілін табамыз. Баланың тілін таба білген адам, барлығының тілін таба біледі. 

Бір жарым жастағы балам Италияның Монтессори жүйесімен оқытатын балабақшаға барды. Сол жерде киініп-шешіну, тамақтану және тағы басқаны өз бетінше істеуді үйреніп шықты. Бізге де осыған ұқсас бала тәрбиесімен айналысатын институттар керек. 

Сурет: Шыңғыс Мұқанның желідегі парақшасынан

– Үлкен балаңыз шетел мектебінде оқып көрді. Ата-ана ретінде дамыған мемлекеттердің қандай тәжірибесін Қазақстанның білім жүйесіне енгізуді ұсынар едіңіз? 

– Осы мәселеге қатысты көлемді мақала жаздым. АҚШ секілді дамыған мемлекеттерде бастауыш сыныпта білімге емес, тәрбиеге көбірек көңіл бөледі. Ұстаз бен шәкірт арасында "мен – ақылды, ал сен – ақымақ" деген қарым-қатынас жоқ. Балалар ұстаздыкіне қарама-қайшы пікірін де жасырмай ашық айтуға дағдыланады. Мұғалім бұл үшін сөкпей, "Неге олай ойлайсың?" деп эмпатия танытуға тырысады. Осылай ұстаздың оқушыны өзімен тең көруінің арқасында балалар сабақты қорыққандықтан, баға үшін емес, өзіне керек болғандықтан оқиды.

Бұдан өзге, біз секілді партада қозғалыссыз отырмай, сыныпта ары-бері тұрып еркін жүре беруі мүмкін деген секілді өзіндік ерекшеліктері бар. Яғни бала барлық жағынан еркін. 


Оқи отырыңыз: Көктемде бетімізге қалай күтім жасаймыз? Косметолог Алтын Сартаймен сұхбат


– Бірде "Қазақтың түбіне жететін – осы масылдық психологиясы" деген едіңіз. Бұдан арылуымыз үшін не істеуіміз керек?

– Масылдық психологиясы қазаққа не бір ұлтқа емес, бүкіл адамзатқа тән дүние. Ой-өрісі осы психология айналасындағы адамдар барлығын біреу істеп берсе деп күтіп отырады. "Оқитын кітап жоқ. Барлығын мемлекет жасап берсін" дейді. Бұдан арылу үшін бір басшы, қалғаны қосшы болсын демей әрқайсымыз бойымызда көшбасшылық қасиетті дамытуымыз керек.

Кеңес өкіметі кезінде қатардан қалмаған әр адамға тегін білім, үй және тағы басқа берілді. Алайда, бұл экономикалық-қоғамдық қарым-қатынас өзінің өміршең еместігін көрсетті. Масылдық психологиясы сол кезде санада қалыптасқан элементтер шығар. Десе де, кеңес өкіметінің өзі мұнымен күресуге тырысты. 

– Қазақ неге "мен" деп айтудан, "ұлы" деп сөйлеуден қорқады? Бізге "сау нарциссизм" жетпейтін сияқты ма?

– Мұны нарциссизмнен бұрын дінмен байланыстыратын едім. Дамыған Батыс елдері, еврейлер – протестанттар, олардың дінінде индивидуалистік қасиеттер басым. Ал ислам мәдениетінде жамағатшылдық басым. "Жалғыз жүріп жол тапқанша, тобыңмен жүріп адас" дейді. Бірақ топпен жүріп адаспай, жалғыз өзің жол тапсаң, сол қасыңдағыларға көмектесе аласың емес пе?

Жамағатшылдық психологиясы сіңген елдер "мен" емес, "біз" деп айтуға дағдыланады. Мысалы, Microsoft компаниясының табыстылығын Билл Гейтстің, Meta компаниясінікін Марк Цукербергтің, Space компаниясын Илон Масктың атымен байланыстармыз. Олардың артында қаншама адам тұр?

Десе де бұл адамдардың жаңалық ашып, жауапкершілік алып, адамзат игілігі үшін жұмыс істеп жатқаны сөзсіз. Олар қатардағы қарапайым адам емес қой, неге ұлы демеске? Яғни бұл екі сөзді қолдану-қолданбау діни психология ерекшеліктерімен байланысты. 

Серіктестер жаңалықтары