Ауыл шаруашылығы министрі тірі аталық ірі қара мал мен қой-мен ешкі экспортына тағы да квота енгізуді жоспарлап отыр. Мұндай квота өткен жылы да, 23 маусымда енгізілген болатын.
"Қазақстан аумағынан үшінші елдер мен Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне 85 мың бас тірі ірі қара малды және 120 000 бас тірі қой мен ешкіні апаруға 6 ай мерзімге квота енгізілсін", – делінген бұйрықта.
Мал басы бұл мөлшерден асып кетсе, олар карантинге қойылып, құзырлы органдар малға ветеринариялық сертификат беруді бұғаттайды.
Оқи отырыңыз: 23 маусымнан бастап ірі қара мен ұсақ малды экспорттауға квота енгізіледі
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша республика бойынша өткен жылдың осы күнімен салыстырғанда шаруашылықтардың барлық санаттары бойынша мал басының саны мынаны құрады:
- ірі қара мал – 8153 мың бас (2023 жылғы 6 ай – 7721 мың бас), оның ішінде: ауыл шаруашылығы құрылымдарында – 4413 мың бас (2023 жылғы 6 айда – 4081 мың бас);
- қой – 21 326 мың бас (2023 жылғы 6 ай – 21 353 мың бас), оның ішінде: ауыл шаруашылығы құрылымдарында 12 663 мың бас (2023 жылғы 6 айда – 11 221 мың бас);
- ешкі – 2 149 мың бас (2023 жылғы 6 айда – 2 495 мың бас), оның ішінде: ауыл шаруашылығы құрылымдарында – 779 мың бас (2023 жылғы 6 айда – 903 мың бас).
Еске салайық, Ауыл шаруашылығы министрлігі, сондай-ақ, аналық ірі қараның (сиыр) және ұсақ малдың (қой-ешкі) экспортына 6 айға тыйым салуды жоспарлап отыр.
Оқи отырыңыз: Қазақстан ұрғашы сиыр мен қой-ешкінің экспортына 6 айға тыйым салмақ