
Премьер-министр Олжас Бектенов қауіпті өндіріске тартылған азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізді. Кеңеске тиісті министрліктердің басшылары қатысып, жаңа тәсілдер мен еңбек қауіпсіздігі саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарды талқылады, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы аясында нысандарды цифрландыруды ескере отырып, нормативтік-құқықтық актілер қайта қаралып, мемлекеттік еңбек инспекторының құқықтық мәртебесін арттыру көзделген. Азаматтық қорғау заң жобасы шеңберінде апаттық-құтқару қызметтеріне қойылатын талаптар күшейтіліп, өндірістік бақылау стандарттары жетілдірілмек. Сонымен қатар, "Е-ӨҚК" ақпараттық жүйесін іске қосу арқылы өнеркәсіптік қауіпсіздік нысандарының паспорттарын жасау және апаттарды есепке алу процестерін автоматтандыру жоспарлануда.
Премьер-министр өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы бақылау тетіктеріне ерекше назар аударып, Төтенше жағдайлар министрлігі мен тиісті органдарға өнеркәсіптік нысандардың басшыларының қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша жауапкершілігін күшейту жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды. Өнеркәсіп саласында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жаңа шешімдер әзірлеу міндеті отандық IT-мамандарға жүктелді. Жер қойнауын пайдаланушылардың тау-кен жұмыстарын талдау және бақылау, сондай-ақ газ шығарындыларымен байланысты тәуекелдерді азайту үшін нормалар әзірлеу қажеттігі айтылды.
Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов: Әкімдіктер өңірлердің экономикалық әлеуетін пайдалана алмай отыр