
Премьер-министр мемлекет басшысының еліміздің экономикасына инвестициялар тарту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында арнайы кеңес өткізді, деп хабарлады Primeminister.kz сайты.
Кеңестің басты мақсаты ірі инвестициялық жобаларды іске асыруды жеделдету және еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсартуға кедергі келтіретін мәселелерді шешу болды. Бұл бағыттағы басты назар инвестициялық саясаттың тиімділігін арттыруға және капитал тарту жұмыстарын жандандыруға арналған ықтимал шараларға бөлінді.
Сыртқы істер министрлігі мен Kazakh Invest компаниясы басшылығының инвестициялық қызмет динамикасына әсер еткен факторларға қатысты есептері тыңдалды. 2024 жылы Қазақстанда 1,85 трлн теңгеге 230 инвестициялық жобаның іске қосылуы жоспарланып отыр. Сонымен қатар, инвестициялық штабтың жұмысы нәтижесінде бір жыл ішінде жалпы құны 50 миллиард АҚШ долларынан асатын жобалар бойынша 115 мәселесі шешімін тапты.
Оқи отырыңыз: Су тасқынына дайындық: "Қазсушар" филиалдарына 84 жаңа техника берілді
Еліміздің инвестициялық саясаты бәсекеге қабілеттілік артықшылығы бар салаларға тікелей бағытталып, жаңа тәсілдер енгізілуде. Қытайлық агроөнеркәсіптік компаниялармен табысты келіссөздер жүргізіліп, жуырда Жамбыл және Ақмола облыстарында ірі зауыттардың құрылысы басталмақ. Бұл жобалар еліміздің агроөнеркәсіптік секторын дамытуға және жұмыс орындарын көбейтуге үлес қосады.
Сонымен қатар, экономиканың түрлі салаларын қамтитын 12 миллиард доллар көлеміндегі 20 стратегиялық жоба сәйкестендірілді. Жобаларды жүзеге асыруға байланысты келісімдердің жасалуымен қатар, салалық құрылыс жұмыстары мен жобалық құжаттарды дайындау жоспарлары белгіленді.
Премьер-министр бұл бағыттағы жұмыстарды өз бақылауында ұстап, инвестициялық жобаларға әкімдіктер мен министрліктердің жүйелі қатысуын талап етті. Мәселелерді жылдам шешу үшін әкімдіктерде инвестиция тарту тетіктерінің тиімділігі артырылған жаңа цифрлық платформа енгізілуде.
Кеңес барысында инфрақұрылым тапшылығы, әкімшілік рәсімдердің күрделілігі және жер телімдерін беру үдерісінің ұзақтығы сияқты мәселелердің шешімін табу мақсатында түрлі шаралар қабылданды. Премьер-министрдің айтуынша, мемлекеттік органдар мен әкімдіктер инвестициялардың жүзеге асырылуын тікелей бақылап, инвесторлардың мәселелерін жедел шешуде белсенді әрекет етуі тиіс.