Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабынан Қазақстанда мемлекеттік алимент қоры құрылмайтынын белгілі болды. Бұл бастама бұған дейін де бірнеше мәрте көтерілген, алайда ешбірінде де қолдау таппады.
Әлихан Смайыловтың түсіндіруінше, әлем елдерінде мемлекеттік алимент қорын құру тәжірибесі бар. Олардың қызметі әртүрлі болғанымен, бәріне ортақ мақсат біреу. Ол – ата-анасы алименттік міндеттерін орындаудан жалтарып жүрген балаларға қаржылық қолдау көрсету. Мұндай қорлар борышкер ата-аналардан өндірілген қаражат пен бюджет есебінен жұмыс істейді.
Оқи отырыңыз: "Баласына 15 мың теңгесін қимайды". Алимент өндіру үшін не білу керек?
"Қазақстанда алимент қорын құру туралы бастама бірнеше рет көтеріліп, оны мүдделі өкілетті органдар қарастырды. Оның қорытындысы бойынша мұндай қор құрудың қажет емес екені туралы шешім шықты. Біріншіден, ол мемлекеттік бюджеттен айтарлықтай мол шығынды қажет етеді және екінші жағынан, бұл борышкер ата-аналар мәселесін шешетіні күмәнді", – делінген Әлихан Смайыловтың жауабында.
Үкімет басшысы, сондай-ақ, мемлекеттік алимент қорын құру ата-аналардың баланы тәрбиелеу және бағып-қағуға қатысты жауапкершілігін төмендетіп, бұл міндетті мемлекеттің мойнына артып қою қаупін тудыратынын алға тартты.
Оқи отырыңыз: "Ешкімнің мүддесі ескерілмеген". Сарапшылар алиментті есептеу тәртібін өзгертуді ұсынды
Еске салайық, Қазақстан халықтық партиясының Мәжілістегі мүшелері ҚР премьер-министрінің атына депутаттық сауал жолдап, Қазақстанда мемлекеттік алимент қорын құру туралы ұсыныс жасаған болатын.