Қытай Халық Республикасымен шетелдік рұқсат бланкісін алмасу бұдан былай электронды форматта жүзеге асады, деп хабарлайды Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл 26 қарашадан 27 қарашаға қараған түні сынақ режимінде алғашқы жүк көлік құралдары өткізілді. Сәтті тестілеуден кейін электронды жүйе ресми түрде енгізілді.
"Осы жылдың басынан бері Қытай тарапымен 190 000 бірлік көлемінде жүктерді тасымалдауға арналған рұқсат бланкілерімен алмасу жүргізілді. Бұл — рекордтық көрсеткіш. Екі елдің жауапты ведомстволары қосымша 40 мың бірлік көлеміндегі шетелдік рұқсат бланкілерін алмасу бойынша келіссөздер жүргізді. Оның 30 мыңы электронды форматтағы жаңа жүйені қолдану арқылы жүзеге асса, ал қалған қосымша 10 мың дана қағаз жүзінде болды. Шетелдік рұқсат бланкісін алмасу 29 қарашада жүзеге асты", – делінген хабарламада.
Еске салайық, кейінгі екі жылда ҚХР-мен шетелдік рұқсат құжаттарымен алмасу 50 мыңнан 230 мыңға дейін өсті.
Айта кетейік, шетелдік рұқсат бланкісі (ШРБ) - тасымалдаушыларға жүкпен шетелге шығуға мүмкіндік беретін арнайы құжат.