Тікелей эфир

Қазақстан мектептеріне 2817 педагог жетпейді. Қай пән мұғалімдері тапшы?

Әсіресе, математика және орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдеріне сұраныс жоғары.

Қазір Қазақстан мектептерінде 2817 педагог жетіспейді. Оның ішінде қалалық мектептерде – 1312, ауылдық мектептерде – 1505 маман. Оқу-ағарту министрлігі Informburo порталының сұрау хатына берген жауабында мұғалім тапшылығы мәселесін қалай шешіп жатқанын түсіндірді. 

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2024 жылғы жағдай бойынша келесі пәндерден сабақ беретін мұғалімдер жетпейді:

  • математика – 640;
  • орыс тілі мен әдебиеті – 340;
  • физика – 236;
  • бастауыш сынып – 227;
  • химия – 204;
  • информатика – 199;
  • ағылшын тілі – 169;
  • музыка – 152;
  • тарих – 149;
  • көркем еңбек – 143;
  • география – 97;
  • биология – 72;
  • қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері – 63;
  • басқалары – 89. 

"Мұғалім тапшылығы мәселесін шешу үшін еліміздің 4 өңірінде 2022 жылдан бастап Қазақстан Республикасы үкіметінің 2022 жылғы 13 маусымдағы № 390 (Атырау, Алматы, Маңғыстау және Түркістан облыстары) қаулысымен бекітілген арнайы бағдарлама іске асырылып жатыр. Мақсатты өңірлерге барлығы 58 педагог жұмысқа орналастырылды (Алматы – 27, Атырау – 8, Маңғыстау – 9, Түркістан – 14). 2023 жылы 11 үміткер әңгімелесу кезеңінен өтті. Қазіргі уақытта осы үміткерлерді нысаналы өңірлерде жұмысқа орналастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл бағдарлама 2027 жылға дейін жалғасады. Сонымен қатар өңірлерде педагогикалық мамандықтарға мемлекеттік білім беру грантына оқуға қаржы бөлу бойынша шаралар қабылданып жатыр", – делінген жауапта. 


Оқи отырыңыз: Оқу министрлігі халықаралық пән олимпиадаларындағы нәтижені қалай жақсартпақ?


Сонымен қатар, келесі шаралар жүзеге асырылуда: 

  • педагогикалық бағыттарда оқитын жоғары оқу орындарының студенттері үшін стипендия мөлшері 58 мыңнан 67 мың теңгеге дейін ұлғайтылды;
  • педагогикалық білімі жоқ адамдар үшін педагогикалық қайта даярлау бойынша жұмыс жалғастырылды;
  • жыл сайын, 2020 жылдан бастап педагогтердің жалақысы 2 есе артты. 

"Педагогтер жетіспеушілігі мәселесі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының мамандары мен түлектерінің келуі есебінен шешіледі. Мысалы, 2023-2024 оқу жылының алдын ала шығарылымы 55 178 адамды құрайды (2022 жылы – 55 330 адам), оның ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша – 9150 адам. Педагогикалық мамандықтар бойынша магистратура – 9501 адам, оның ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша – 3115 адам. Шекті деңгейден өткен түлектер де конкурстық негізде жұмысқа орналасатын болады. Сонымен қатар, педагогтерді қабылдау ережелеріне өзгерістер енгізілді, оған сәйкес тәжірибелі педагогтар үшін де, жас мамандар үшін де тең мүмкіндіктер жасалды. Мысалы, жоғары оқу орындарын үздік бітірген, жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқудан өткен адамдар сертификаттаудан өткені туралы құжат болған кезде конкурстық рәсімдерден өтпей жұмысқа қабылданады", – деп еске салды министрлік өкілдері.


Оқи отырыңыз: Назарбаев зияткерлік мектебінде оқу грантының құны шамамен 200 мың теңгеге өсті


 

Серіктестер жаңалықтары