Қазақстан азаматтары зейнетақы жинақтарын қалай жұмсайды

Фото: elordainfo.kz
Фото: elordainfo.kz
Қор емделу үшін жалпы сомасы 593,19 миллиард теңге болатын 639 251 өтінішті қанағаттандырған.

Қазақстан азаматтары зейнетақы жинақтарының 4,33 триллион теңгеден асатын мөлшерін тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге пайдаланды. Орындалған өтініш саны – 2,52 миллион. Бұл туралы БЖЗҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Тұрғын үйге

2021 жылғы қаңтар мен 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған 1 885 252 өтініш орындалған. БЖЗҚ қазақстандықтардың уәкілетті оператор-банктерде ашылған арнайы шоттарына шамамен 3,74 триллион теңге аударған.

Тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатындағы біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – 1,98 миллион теңгеден асады.

Тұрғын үй жағдайларын жақсарту бойынша орындалған өтініштердің ең көп саны Алматы (20,66%), Астана қалаларының (20,12%), Маңғыстау облысының (9,47%) тұрғындарынан түскен.

Емделу

Қор емделу үшін жалпы сомасы 593,19 миллиард теңге болатын 639 251 өтінішті қанағаттандырған. Алынған соманың орташа мөлшері 0,93 миллион теңге.  

Өтініштердің 97,07%-ы стоматологиялық қызмет алуға, 2,16%-ы офтальмологиялық қызметтерді алу бойынша орындалды. Қалған медициналық бағыттарға зейнетақы жинақтарының 1%-дан аз мөлшері пайдаланылды.

Зейнетақы жинақтарының тиесілі бөлігін емделуге ақы төлеу мақсатында игеру бойынша Алматы қаласының (емделу ақысын төлеу бойынша орындалған өтініштердің жалпы көлемінің 14,35%), Атырау облысының (14,07%), Астана қаласының (12,51%) тұрғындары басым белсенділік танытты.

Салымшылардың БЖЗҚ-дағы ЖЗШ-на шамамен 54,66 миллиард теңге қайтарылды. Бұл қаражат өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланылмаған.

Жеке инвестициялық басқару

Инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) биылғы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 2021 жылдан бастап 62,25 миллиард теңге аударылды. БЖЗҚ 33 079 өтініш берушіден түскен 46 608 өтінішті орындаған. Аударымның орташа сомасы шамамен 1,34 миллион теңге.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары