2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы төлемдері инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5 пайызға, ынтымақты зейнетақы 8,5 пайызға өсті, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Осыған орай, ведомствоның баспасөз қызметі кімдер және қанша ақша алатынын түсіндірді.
- 1, 2, 3 бала туғанда берілетін жәрдемақы 140 мың теңгеден 149 мың теңгеге дейін, 4 және одан да көп бала туғанда берілетін жәрдемақы – 233 мыңтеңгеден 248 мың теңгеге дейін ұлғайды;
- мөлшері балалар санына байланысты берілетін көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 59 мың теңгеден 63 мың теңгеге дейін, 10 баласы бар отбасылар үшін – 148 мың теңгеден 157 мың теңгеге дейін артты;
- I топ мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы 95 мың теңгеден 102 мың теңгеге дейін, II топ – 76 мың теңгеден 81 мың теңгеге дейін, III топ – 52 мың теңгеден 55 мың теңгеге дейін өсті.
Оқи отырыңыз: 2025 жылы зейнетақы, жәрдемақы және әлеуметтік төлемдер мөлшері қалай өзгереді
Айта кетейік, 2025 жылы халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындау үшін 6 трлн теңге қарастырылған, алушылар саны шамамен – 5 млн адам.
"2024 жылы әлеуметтік қамсыздандыруға 5,4 трлн теңге бөлінді, оның ішінде зейнетақы төлеуге 3,8 трлн теңге қарастырылды. Барлық әлеуметтік төлемдерге (зейнетақылар мен жәрдемақылар) арналған шығыстар республика бюджетінің барлық шығыстарының 21,8 %-ын құрады. Мемлекет 2024 жылы мүгедектігі және асыраушысынан айырылуы бойынша 614 млрд теңгеге жәрдемақы төледі. Сонымен қатар, көпбалалы отбасыларды қолдауға 472,9 млрд теңге бөлді", – делінген министрліктің хабарламасында.