Бүгінгі күні балаларды бірінші сыныпқа қабылдауға 390 мыңға жуық өтініш түсті. Оның ішінде балалардың 70%-ы мемлекеттік тілде оқуды таңдады, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
"Құжаттарды қабылдау мерзімінің аяқталуына санаулы күндер қалды. 1 сәуірден бастап 4 ай бойы БАҚ-та да, әлеуметтік желілерде де 1 тамызға дейін құжаттарды тапсыру қажеттігі туралы хабарлап келеміз. Әлі өтініш беріп үлгермегендер 1 тамызға дейін құжат тапсыра алады. Қазір көптеген мемлекеттік білім беру қызметі электронды форматта қолжетімді, сол себепті egov.kz веб-порталы арқылы өтініш жіберуге болады. Сонымен қатар ата-аналардың өтініші бойынша құжаттарды дәстүрлі қағаз форматында да тапсыру мүмкіндігі бар", – деп түсіндірді Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.
Құжат қабылдау аяқталғаннан кейін мектептерге сыныптарды қалыптастыруға сапалы дайындық жұмыстарын жүргізуге және оқу үрдісін ұйымдастыруға уақыт беріледі.
Оқи отырыңыз: Құжатты электронды тапсыр деп міндеттеу жоқ. Баланы 1-сыныпқа қабылдау тәртібі қалай жүзеге асады?
Балаларды қазақ сыныптарына қабылдау бойынша жоғары көрсеткіш Қызылорда (89,7%), Батыс Қазақстан (85,4%), Маңғыстау (87,6%) және Жамбыл облыстарында байқалады.
"Жаңа оқу жылында 405-410 мыңға жуық бала 1-сыныпқа барады деп күтіліп отыр", – деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, былтыр 1-сыныпқа барған 380 мың баланың тек 65 пайызы қазақ сыныбында білім алуды таңдаған.