Павлодар облысында қырыққа жуық шаруа жұмыс алға басқанда шенеуніктер жерді қайтарып алмақ деп наразылық білдірді. Ал жергілікті билік мыңдаған гектар алқаптың заңсыз берілгенін айтады, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдаралмасы.
Железин ауданының шаруасы Шахназар Теміршотов мың гектардан астам алқапты жалға алып, дәнді-дақыл егуді жоспарлаған. Қаражат құйып, іске қамдануға кірісейін дегенде шенеуніктер жерді қайтару қажет екенін айтқан. Соның салдарынан миллиондаған шығынға батып, инвестициялық жобаның күлі көкке ұшты деп отыр.
"Енді ол жобаны жүзеге асыра алмайтын болдық. Мен ол жобаны қолға алып бастағанда 6 млн теңге шығынға баттым. Оның үстіне ол жерді жыл сайын пайдаланып, өңдеп келген болатынбыз", – деді шаруа Шахназар Теміршотов.
Павлодар облысында Шахназар сияқты игеріп отырған жерінен айырылған қырыққа жуық адам бар. Олардың қатарында жайылымдық жерге мал бағып, нәпақасын тапқан жандар жетерлік.
Оқи отырыңыз: Петропавл қаласын кеңейту үшін 70 гектар орман алқабы оталады
"Президент игерілмей жатқан жерлерді қайтарып, халықтың игілігіне беруді тапсырған еді ғой. Ал біз тұрақты игеріп келе жатқан жерімізден айырылып қалдық. Ол жермен күнімізді көрдік. Осыған қарағанда әлдекімдердің қызығушылығы бар болуы мүмкін", – деді шаруа Сәния Тасболатова.
Ал жер қатынастарын басқару департаментінің өкілдері жер телімдері кезінде әкімдік тарапынан заңсыз берілгенін айтады. Сәйкесінше мемлекеттің меншігіндегі жерлерді сот арқылы кері қайтарып алуға тура келген.
"Ол жерлер жаңа жер кодексінің 26-бабы бойынша заңсыз берілген. Өйткені елдімекен аумағына енген жерлер. Оны біз сотта дәлелдедік. Ал сот жерді қайтару туралы шешім шығарды. Сот шешімі бар", – деді Павлодар облыстық жер қатынастарын басқару департаменті басшысының міндетін атқарушы Болат Мидиу.
Оқи отырыңыз: Қызылордадан Ақтөбе облысына дейінгі жол енді ақылы болады
Жыл басынан бері Павлодар облысында 13 мың гектар жер мемлекетке қайтарылған. Алайда сот үкімімен келіспейтін шаруалар жоғары сотқа арыз жазбақ.