Көлік министрі бұйрығының жобасына сәйкес, Шымкент – Самара автомобиль жолының Қызылорда – Арал (Ақтөбе облысының шекарасы) бөлігін ақылы ету жоспарланып отыр. Оның ұзақтығы 454 километр 850 метрге тең.
Шымкент – Самара автомобиль жолы ІІ санатты жолға жатады. Жол 20 жыл бойы ақылы болады деп белгіленген.
Құжат жобасына сәйкес, жеңіл көліктер (16 және одан аз орындық) толық 455 шақырымды құрайтын жолды жүргені үшін 0,66 АЕК мөлшерінде ақы төлейді.
- 32 орынға дейінгі автобустар және жүк көтергіштігі 5,5 тоннаға дейін жүк автомобильдері – 1,318 АЕК.
- 32 орыннан асатын автобустар және автопойыздардың жүк көтергіштігі 10 тоннаға дейінгі жүк автомобильдері – 1,978 АЕК.
- Жүк көтергіштігі 10 тоннадан 15 т-ға дейінгі жүк автомобильдері – 2,637 АЕК.
- Жүк көтергіштігі 15 тоннадан жоғары, оның ішінде тіркелгіш, ершікті тартқыштары бар – 3,296 АЕК.
Сондай-ақ, бір айлық не бір жылдық төлем жасауға болады.
Бір айлық абоненттік төлем 1-5 АЕК аралығын құраса, бір жылдық абоненттік төлем 12-60 АЕК аралығын құрайды.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар 7 ақылы жолдан өткен кезде төлем әдістері туралы SMS-хабарлама алады
Еске салайық, Автомобиль жолының осы бөлігінде екі бағытта бір жолақтан ғана бар. Яғни бір бағытта көліктер бір ғана автомобиль жолағымен жүреді. Жолақтың ені – кемінде 3,75 метр. Бұл көлік жүргізушілер үшін қиындық келтіріп, жол-көлік оқиғалары жиілеген болатын.
Құжат жобасын жария талқылау мерзімі – 3 қарашаға дейін.