Тікелей эфир

"Өзімді қарақшы етіп көрсетуге мәжбүр болдым". СОО күзетшісі қалай аман қалғанын айтты

Алматыда күдікке іліккендер мен ұрлық, бұзақылыққа қатысы бар деген 1 237 адам қамалды.

Сауда орталықтарын тонап, бөтеннің мүлкін қолды еткендер ұсталып жатыр. Алматыда бір тәуліктің ішінде террор жасады деген күдікке іліккендер мен ұрлық, бұзақылыққа қатысы бар деген 1 237 адам қамалды. Сауда орталықтары қазір жаппай криминалдық полицияға бейнежазбаларды тапсыруды бастаған, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

"Сабыр танытқан ешкім жоқ, барлығы ашулы азаматтар болды. Келе жатқан топтың алдында өте агрессивті адамдар тұрды. Олар көбінесе қара киімде еді. Басына қара бас киім киіп, бетін қара маскамен тұмшалаған", – деді Aport Mall қауіпсіздік қызметінің жетекшісі Рүстем Расимов.

Үш күн қатарынан тоғыз рет Aport Mall сауда үйіне шабуыл жасағандар соңында кімнің кім екенінен шатаса бастаған. Кикілжің болып бір-біріне оқ атқан. Рүстем Расимов сауда орталығының тең жартысын тонап кеткендердің ішінде қаруланған топтан бөлек жергілікті тұрғындардың да болғанын айтады. Сондай-ақ, "сыр білдірмей өзімді қарақшы сияқты ұстауыма тура келді", дейді.


Оқи отырыңыз: "Көлігіме 20 оқ тиді". Алматыда қақтығыста қаза тапқан екі баланың ата-анасы сұхбат берді


"Айналып өтіп арт жақтағы есіктен шықты. Ішке топпен бірге кіргендей түр жасадық. Менен еш күдіктенбеді. Жастары әртүрлі: 8 жасар баладан бастап 70 жастағы әжейге дейін бар. Арасында жергілікті тұрғындар да, белгісіз жасақталған топтар да болды. Барлығы бірдей киініп алған", – деді қауіпсіздік қызметінің жетекшісі Рүстем Расимов.

Aport Mall сауда үйіндегі аласапыран кезінде өрт қойған бұзақыларға күзетшілер кедергі келтіріп үлгерген. Сауда орнының 10 қызметкері жарақат алған. Мамандар тонаушылардың әр қадамы жазылған бейнежазбаларды криминалдық полицияға бермек. Ал IT мамандары өз кезегінде тыңғылықты тексеріс жүргізу арқылы қолды болған технологияларды оңай тауып алуға болатынын айтады.

"Әр смартфонның өзінің бірегей коды болады. Қазіргі заңнамаға сәйкес нөмір адамға тіркеледі. Сол нөмірлер арқылы смартфондарды табуға болады. Міндетті түрде дүкендердің өзінде IMEI код туралы ақпарат қалуы тиіс. Бұл техниканы табуға оңай болуы үшін керек", – деді IT саласының маманы Ерболат Мәмен.

Алматы қаласы полициясының дерегінше, соңғы тәулікте лаңкестік, тонау және басқа да қылмыстарға күдікті деген 1 237 адам ұсталған. Олардан 31 қару, 1 428 оқ дәрі тәркіленді. Мысалы, Маңғыстау облысының 5 тумасы Алматыдан қашпақ болған кезде қолға түскен. Оларда әскерилердің киімдері мен жарылғыш заттар болған.

Еске салсақ, жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген күдікпен ұсталғандар саны 10 мыңға жуықтаған еді. Олардан бір “Макаров” тапаншасы және оның оқталмаған оқжатары, бір оқсауыт пен “ТОЗ 35” пневматикалық тапаншасы тәркіленді.

Серіктестер жаңалықтары