Ел өңірлеріндегі жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген күдікпен ұсталғандардың саны 9 900 адамға жетті. Бұл туралы ІІМ жедел штабы хабарлады.
"Таразда полиция, Ұлттық ұлан және арнайы жасақтың әскери қызметшілері жедел іс-шаралар өткізіп, бір "Макаров" тапаншасын және оның оқталмаған оқжатарын, бір оқсауыт пен "ТОЗ 35" пневматикалық тапанша тәркіледі", деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің аумақтық бөлімшелері терроризмге қарсы операциялар басталғалы 366 адамды құрықтағанын хабарлады. Олардың алтауы қарсылық көрсету кезінде жарақат алған. Ұсталғандар дербес, сондай-ақ құқық қорғау органдарымен бірлескен топтар құрамында қоғамға қарсы акцияларға қатысу күдігіне ілінген.
Қылмыскерлерді қолға түсіру кезінде 30 қару, 245 оқ-дәрі, 2 суық қару; 8 радиостанция, 4 оқсауыт, 200-ден астам ұялы телефон, планшеттер мен ноутбуктер, 15 қорап парфюмерия, 267 бөтелке спирттік ішімдік және қомақты қаржы тәркіленген.
"Сондай-ақ, күдіктілер тізгіндеген 29 автокөлік, діни әдебиеттер мен заңсыз митингтерді ұйымдастыру тәртібі бойынша әдістемелік құралдар алынды", деп жазылған ҰҚК таратқан хабарламада.