Тікелей эфир

Оралхан Бөкейдің үйі музейге айналды

Жазушы тұрған үй музейге айналып, мемлекет қарауына берілді.

Биыл көрнекті жазушы, драматург, журналист Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл толды. Қаламгердің мерейтойын атап өту шаралары өзінің туған жері Қатонқарағай ауданында бастау алды.

Мерейтой аясындағы басты іс-шара – жазушының туған жері Шыңғыстай ауылында ақсақалдардың батасымен Оралхан Бөкей музей үйі ашылды. 

"Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына орайластырылған іс-шаралар кәсіпкерлердің қолдауымен қолға алынды. Бүгін – мерейтойдың алғашқы күні. Биыл 54 млн теңге көлемінде жергілікті кәсіпкерлер қаражат жинап, жазушының балалық шағы өткен туған үйін сатып алып, музейге айналдырды. Музей мемлекет қарауына берілді. Жалпы бас демеушілер ретінде Қатонқарағай кәсіпкерлері қолдау білдірді. Катонқарағай дегенде есімізге бірден Оралхан Бөкей оралады. Оралхан – осы жердің көркемдігін, тұмса табиғатын талайға сөзбен суреттеп берген қаламгер. Сондықтан оның мерейтойын абыроймен өткізу – біз үшін аманат", – деді Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының басшысы Серік Жүнісов.


Оқи отырыңыз: Димаштың анасы: Діни көзқарасқа байланысты ұлттық салт-дәстүрден ажырап бара жатқанымыз алаңдатады


Шараға Оралхан Бөкей шығармаларына арқау еткен, табиғатын жырлаудан жалықпаған Өр Алтайдың төріне жазушының жақындары, ақындар, жерлестері жиналып, жазушының бюсті мен атындағы сквердің ашылуына куә болды. Сондай-ақ, Шыңғыстай ауылында "Төр Алтай бояулары" атты республикалық пленэр-көрмесі ұйымдастырылды. Суретшілер салған 50-ден астам этюдтерін Оралхан Бөкей музейіне сыйға тартты.

Катонқарағай ауданының құрметті азаматы, Жазушылар және журналистер одақтарының мүшесі Жәнібек Қызыров қаламгерлер шығармашылығын дәріптеп, есімін еске алуға арналған жиын жас ұрпақтың тәрбиесі үшін маңызды деген пікір айтады.

"Оралхан Бөкей – қазақ жұртшылығының мақтанышы. Қысқа ғана ғұмырында талантымен, еңбегімен үлкен жетістіктерге жетті. Қаламдас досы Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтсақ: "Орекең – талантымен елін де, жерін де, өзін де әлемге танытып, биіктен көрінген тұлға". Оралхан – Катонқарағайдың мақтанышы. Алақандай ғана Катонқарағайдан Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Әлібек Асқаров, Дидахмет Әшімхан сынды көп мықты қаламгер шықты. Ал Оралхандай талантты жазушыны еске алуға арналған шара катонқарағайлықтардың рухын көтерері сөзсіз", – деді Жәнібек Қызыров.

Жиынға Оралхан Бөкейдің жиені Клара Мағзумова қатысып, жиналған қауымды қаламгердің мерейтойымен құттықтады. Катонқарағайда ашылып жатқан Оралхан Бөкейдің музей-үйіне Иранда арнайы тоқылған, қаламгердің портреті бейнеленген кілем сыйлады. Сонымен қатар жазушынығ жеке шапаны мен 1964 жылы түскен суретін табыстады.


Оқи отырыңыз: Светлана Айтбаева: Балаға тілге деген құрмет пен махаббат ана сүтімен дариды


Жазушының атына құран бағышталып, ас берілді, сондай-ақ ауданның құрметті қонақтарына "Оралхан Бөкейге 80 жыл" атты төсбелгілер табысталды.

"Шолпандай таң алдына туып – батты" атты жаңа кітап жарық көрді. Этноауылда аламан бәйге өтіп, үздік шабандоздар анықталды. Мерейтой кеші жергілікті жұлдыздардың қатысуымен өткен үлкен гала концертпен аяқталды.

Оралхан Бөкейдің 80 жылдығы республика көлемінде, халықаралық деңгейде өтпек. 15 қыркүйекте Астанада жазушы шығармашылығына арналған дөңгелек үстел, "Әзірет Сұлтан" мешітінде құран бағыштап, ас беру жоспарланып отыр. Одан кейін "Қар қызы" пьесасы сахналанады. Ал Алматыда Жазушылар одағы халықаралық конференция ұйымдастырып, ақындар айтысы өткізіледі. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары