Парламент мәжілісінің депутаттары, Amanat партиясының фракция мүшелері Мақпал Тәжмағамбетова мен Жұлдыз Сүлейменова премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалда кәсіптік бағдарлауға қатысты мәселе көтерді.
Депутаттар өңірлерге барған сапарында көп салалы кәсіптік техникалық колледж ұжымдарымен кездесіп, маман даярлаудағы методиканың өте ескі форматта болуы, заманауи мамандықтардың жоқтығы, колледждер мен ЖОО арасында сабақтастық болмауы, жұмысшы мамандықтардың коммерциялық бағытта дайындалмауы секілді бірқатар кедергілерді байқаған.
"Оқу орындарында кәсіптік бағдарлау, еңбек нарығын зерттеу сынды шаралар жүргізілмейді. Сондықтан, түлектердің басым бөлігінің дипломдары шаң басып қалады. Кез келген мамандық сыртқы ортамен, нарықпен тығыз байланыста болуы керек. Мысалы, автослесарь маман даярлайтын колледж базасында ТЖО жоқ болса олар кімді, қалай дайындап жатыр деген сұрақ туындайды. Макарон өнімдерінің технологы мамандарын даярлайтын колледждердің базасында ешқандай өндірістің болмауы сапасыз мамандар қалыптастырады", – деді депутаттар.
Оқи отырыңыз: Дастан Аспан, білім маманы: Әке жолын қуу – кәсіби бағдарлау емес
Олар жастарды мамандыққа бағыттау бойынша ұсыныстарын айтты.
"7-сыныптан бастап оқушыларға мамандық таңдауға жағдай жасау, мамандыққа байланысты пәндік басымдылықты арттыру, еңбек сабақтары мазмұнын арттыру үшін еңбек олимпиадаларын өткізу керек. Олардың колледж, ЖОО-мен өзара сабақтастық орнатуы маңызды. Жаңа жүйеге сәйкес, алдымен әр облыс аумағындағы шаруашылықтарға, бизнес-құрылымдарға қандай мамандардың қажет екені зерттелу керек. Сұранысқа сай оқыту жүйесінде теориялық білімге – 20%, тәжірибелікке 80% көңіл бөліну керек", – делінген депутаттық сауалда.
Мәжіліс депутаттары колледж мамандықтарын интеграциялау керек екенін атап өтті. Колледж базасына кәсіпкерлерді тарту, оларға өндіріс базаларын қалыптастыруға жол ашу, колледждерге кәсіппен, өндіріспен айналысуға, яғни өз деңгейінде нарыққа шығуға мүмкіндік беру керек.