Тікелей эфир

Дастан Аспан, білім маманы: Әке жолын қуу – кәсіби бағдарлау емес

Компания мақсаты – Қазақстан халқын заманауи әдістермен білімді қылу.

Қазақстанда кәсіби бағдар беру бойынша бірнеше жобаны жүзеге асыратын BTS Education компаниясының басшысы Дастан Аспанмен сұхбатты ұсынамыз. Компания Павлодар облысы әкімдігінің қолдауымен "Өрлеу" біліктілікті арттыру ұлттық орталығымен бірге 200-ден астам профориентаторларды даярламақ. Дәл қазір профриентаторларды дайындау курсы Білім және ғылым министрлігінің құптауынан өтіп жатыр. 

Қазақстанда кәсіби бағдар беру реформасына енді ғана көңіл бөлініп жатыр

– Қазақстанда кез-келген саланы үлкен кемеге теңеуге болады. Жүзіп келе жатқан кемеде уақыт өте келе үлкен тесіктер пайда болуы мүмкін, нәтижесінде ішіне су кіре бастайды. Кеме қызметкерлері суды шелекпен сыртқа төгіп отырады, алайда кеменің батуын тоқтату үшін пайда болған тесіктерді міндетті түрде жамау керек Сол сияқты, Білім және ғылым министрлігі батып бара жатқан кеменің ішінен суды шелектеп сыртқа шығарумен әлек. Алайда кеме әрі қарай қозғалуы үшін тесікті жамауды да ұмытпау қажет. Білім саласының кемесінің тесігін жамаудың бір жолы – профориентация. Басқаша айтқанда, балаларға кәсіби бағыт-бағдарды дұрыс беру керек.

Білім және ғылым министрлігі ештеңе істемей жатыр деп айтуға болмайды. "Болашақ", "Күнделік.кз", "Дипломмен ауылға" секілді қаншама жақсы бағдарламалар бар. Үш тілде білім беретін НЗМ, БИЛ секілді мектептер ашылып жатыр. Реформалар жүргізілгенімен, кәсіби бағдар беру реформасы біраз артта қалған. Елімізде кәсіби бағдар беруге көп көңіл бөлінбегені рас. Енді-енді қолға алынып жатыр.

Кәсіби бағдар берудің негізгі мақсаты – өсіп келе жатқан балаларды еңбекке баулу, мамандықтарға деген қызығушылығын арттыру, баланың біліктілігіне, ойлау қабілетіне, мықты жақтарына қарай бір мамандыққа қарай бағыттау. Бұрын біз аға, әке, ата-әжеміздің жолын қудық. Ұстаздың баласы – ұстаз, инженердің баласы инженер болады дегенді жиі естідік. Бұл – кәсіби бағдарлау емес, жай ғана үлгі тұту, бірінің артынан бару.   


Оқи отырыңыз: "Дипломмен – басқа салаға!". Мектеп қабырғасында кәсіптік бағдарлау не үшін қажет? 


EduNavigator.kz мамандық таңдауға көмектеседі

Павлодар облысында 8 мыңнан астам 9-11 сынып оқушылары арасында кәсіби бағдар беру диагностикасын өткіздік. Олар компания әзірлеген EduNavigator онлайн платформасында тест тапсырды. Диагностика нәтижесінде балалардың мықты қабілеттері мен қандай мамандықта оқығысы келетінін анықтадық. Оларға тест тапсырып біткен соң 300-ден астам ЖОО туралы, қандай мамандықтар бар екені жайында ақпарат беріледі.

EduNavigator толығымен компания қаржысына әзірленді. Оқушыларға қажет ақпарат тегін. Қосымша статистика алуға болады, алайда ақысы – 5 мың теңге. Диагностикалық сұрақтарды әлеуметтанушылар мен психологтар ойлап тапқан. Әр архетипті анықтайтын алгоритм бар.

Жеке компаниялар, жеке мектептер тапсырыс береді. Әр мектеп оқушылардың мықты және осал жақтарын білгісі келеді. Сол үшін де ең бірінші сүзгі ретінде EduNavigator платформасы жақсы көмектеседі. Ақысын төлеп, балаларға тегін таратқан қайырымдылық қорлары бар. Кез келген адам лицензияларды сайттан келісімшартсыз сатып ала алады.

Тест нәтижесінде "архетипің бойынша заң саласында да, тәуекел саласында да қызмет ете аласың, сондықтан осындай компанияларға барып жұмыс істеуіңе болады" деген ұсыныстар беріледі. Орташа жалақыны да көрсетеді. Егер бала мамандықты дұрыс таңдаса, болашағы зор болады деп сенемін.


Оқи отырыңыз: Биылдан бастап колледж студенттері бір оқу бағдарламасы шеңберінде бірнеше біліктілікті игереді


Платформа өте жақсы әзірленген. Кейбір кемшін тұстары бар, онда тұрған ештеңе жоқ. Қосымша сұрақтар қосылып жатады. Сұрақтарды әр тапсырыс берушіге байланысты өзгерте аламыз. Бір компания тек электрик керек десе, соған қажет сұрақтарды көбірек қосып, осы салаға жақын балаларды іріктеп алуға көмектесе аламыз.

Павлодар облысындағы диагностикадан өткен 8 мың баланың арасында өндіріс саласына бармын деушілер өте аз. Көбінесе SMM-мен айналысамын, блогер боламын деп заманауи мамандықтарға кеткісі келеді. Нарық талабы мен өсіп келе жатқан балалардың талабы мүлдем сәйкес келмейді. Бұл өте үлкен проблема. Батып бара жатқан кемедегі суды әйтеуір шығарып жатырмыз, ал тесікті жамап жатқан ешкім жоқ. Қазірден диагностикалау нәтижесіне сүйеніп қажет мамандарды даярлап, балаларға мамандықтардың мәртебесі жоғары екенін дәледеу керек.

Кәсіби бағдар беретін мамандарды даярлау

Министрлік елімізде кәсіби бағдар проблемасын шешу үшін заңнамалық актілерге өзгерістер енгізіп, кәсіби бағдар беруді міндетті пәндер қатарына енгізбек. Одан бөлек маман тапшылығы мәселесі бар. Балаларға кез келген адам кәсіби бағдар бере алмайды. Психолог, социолог немесе арнайы даярланған маман болғаны жөн. Балалармен сөйлесе білу әр ұстаздың қолынан келе бермейді. Оқушыларға жастайынан дұрыс бағыт-бағдар беру керек.

Профориентаторлар заманауи мамандықтар туралы хабардар болғаны дұрыс, өйткені ескі мамандықтарды үйрете берсек жаңасынан айырылып қаламыз. Содан болашақта маманға тапшы боламыз. Шетелде кәсіби бағдар беретін мамандарды даярлайтын комитеттер мен ассоциациялар бар. Солардан аккредитация өткендер ғана бұл іспен шұғылдана алады.

Компаниямыз кәсіби бағдар беру мамандарын даярлауға атсалысып жатыр. Павлодар облысы әкімшілігінің қолдауымен екінші тоқсанда 72 сағаттық профориентаторларды даярлау курсын жүргіземіз. Нәтижесінде 200 астам маман даярланады деп жоспарлап жатырмыз. Павлодар облысы әкімдігі еліміздегі осы проблемаға ең көп зейін бөлген аймақ, бұл үшін әкімшілікпен білім басқармасына рақмет айтпаса болмайды. Өңірдегі демеушілердің арқасында курс ұстаздарға тегін. Күрстан өткен ұстаздардың жалақысы көтеріледі деп сенеміз.

Мектептерде кәсіби бағдар беретін жекеленген ұстаз жоқ. Мамандар осы іспен айналысып, жалақы алу үшін Білім министрлігі профориентатор даярлау курсын заңды түрде қабылдауы керек. Компания наурыз айында курсты министрлікке жолдады. Қолдау тапса сәуір айының ортасында маман даярлауға кірісеміз. Бастапқыда бірнеше профориентаторды даярласақ, олар кейін басқаларды даярлап шығады деп сенеміз.


Оқи отырыңыз: Миллион теңгеден артық жалақы алу үшін қай мамандықтарды меңгерген жөн?


Міндетті пән ретінде енгізу керек

Кәсіби бағдар берудің мектеп бағдарламасына жеке пән ретінде енгізілуін қолдаймын. 1-2 жылдың ішінде алдыңғы қатарлы мектептерде жеке пән ретінде енгізілетініне сенемін.

Әлемдік практикада профориентация балабақшадан басталады. Біз олай жасай алмаймыз, 9-сыныптан басталса оның өзі жақсы. Батыстың фильмдерінен балабақшаға полицейлер, өрт сөндірушілер келіп балаларға мамандықтары туралы әңгімелейтін кадрларды көрген боларсыз. Олар мамандықтың мәртебесін көтеріп, балалардың қызығушылығын арттыруды мақсат етеді. Кезінде бәріміз ғарышкер не ұшқыш болғымыз келді. Ол кезде керемет мамандықтар болып көрінді. Ал нарық басқаша тәртіп орнатады. Біз нарықтың ағынымен басқа мамандықтарға кетіп қалдық. 

Мектепте кәсіби бағдар беруді жүйелі түрде енгізер болса 9-11, 6-8 және 3-5 сынып аралығы деп үш қадамға бөлер едім. Таяуда балабақшаларда да "Еңбекке баулу" секілді пәндер пайда болып, әртүрлі кәсіп иелері келіп, балалармен әңгімелесетін болар.

Әр өңір өзіне қажет маманды даярлау керек

Қазақстан мен батыстың білім беру әдістемесінде айырмашылықтар бар. Өзім АҚШ-та білім алдым. Ол жақта Professional Orientation жақсы жолға қойылған. Әр қалада зауыт болса сол зауыт қызметкерлері кем дегенде әр мектепке жылына бір-екі рет келіп, мамандықтары жайлы, зауыт өндіретін өнімдер мен одан өңірге қандай пайда келетіні жайлы мәлімет береді. "Біздің өңірде өскен бала басқа жаққа кетер болса еңбек күші тапшы болады" деген оймен өздерін жарнамалайды.

Біздің мемлекетте, өкінішке қарай, еңбек нарығы мен білім беру саласындағы ақпарат арасындағы сәйкестік үзіліп кеткен. Еңбек және білім министрліктерінің мәліметтері сәйкес келмейді. Нарық болса – мүлдем үшінші ақпарат. Еңбек, білім, бизнес салалары бірге жұмыс істесе мектеп бітірген бала болашағын кем дегенде 5-7 жыл ерте анықтай алады.


Оқи отырыңыз: 239 жаңа мамандық. Болашақ кәсіпті қалай таңдауға болады?


Қазір "Өңірлік стандарт" атты жоба әзірлеп жатырмыз. 7, 8 және 9-сыныптан бастап баланы өзі тұратын өңірде оқуын жалғастырып, әрі қарай жұмыс істеуіне жағдай жасау керек. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мырзаға жобаны көрсеттік, қолдау табады деп сенеміз.

Америкада gap year деген бар. Мектеп бітірген соң оқуын жалғастырмайтындар көп. Он сегіз жасында өзі тұратын қаладағы зауытқа жұмысқа кіреді де, онда зейнетке шыққанша жұмыс істейді. Рочестер қаласында менімен бірге магистратурада 66 жастағы адам оқыды. Мен 23-темін. "Осынша жаста оқу оқып қайтесіз, немере бақпайсыз ба?" деп сұрадым. Баласы да, немерелері де бар екен. "Өмір бойы оқуды армандадым, бірақ ерте жұмысқа араласқан соң уақыт болмады" дейді ол. 17 жасынан бастап АҚШ-тың ең ірі компаниясына жұмысқа тұрған. Сол қызметімен зейнетке шыққан. Ол жұмысты одан артық жасай алатын адам болмаған. Компания "оқимын десең ақысын төлеп береміз" деп уәде берген. Өз компаниясынан алған уәдені зейнетке шыққанда бірақ пайдаланған.

Мектеп пен ЖОО бизнеске қажет мамандықтарды даярлауы қажет. Өкінішке қарай, бизнес пен білім министрлігі, білім беру орындары арасында байланыс жоғалып кеткен. Сол байланысты кәсіби бағдар беру құралдары арқылы қайта жаңғыртпақпыз. "Өңірлік стандарт" деген идеология сәтті болса, білім беру орындары мен еңбек министрлігі арасындағы байланыс жақсара түспек.

Әр өңірдің өзіндік ерекшелігі бар: Атырау – мұнай, Ақтөбе – хром, Қостанай – темір, Павлодар – алюминий. Мысалы, осы өңірлерде талай адам тұрады, бірақ өсіп келе жақан балалар болашақта бұл өңірде өмір сүргісі келмейді. Келешегі бар қалаларға көшуді қалайды. Колледждер мен университеттер балаларды өңірде қалдыру үшін ештеңе жасап жатқан жоқ. Мамандарды Білім министрлігі тапсырысына сай даярлап жатыр. Ал "Өңірлік стандарт" арқылы колледж бен өңірдегі өндірістік компаниялар аарсындағы байланысты ұйымдастырамыз. Диагностика арқылы 7-сыныпта 30 баланың жартысы металлург болғысы келетінін анықтады. 15 бала үш жылдан кейін мектеп бітірген кезде міндетті түрде жұмыс орнын дайындауың керек. "Өңірлік стандарт" адамның 5-15 жылға дейінгі карьерасын жоспарлауға мүмкіндік береді.


Оқи отырыңыз: Жастар мамандық таңдауда психолог көмегіне жүгінеді


Мамандықты қалай таңдаған дұрыс?

Ең басты кеңес, әр бала өзінің мықты жағын анықтаса, басқаны тыңдамай өзіне ұнайтын істі таңдаса міндетті түрде жетістікке жетеді. Кейбір адамдар "мен теміржолшы болғанмын, балам да теміржолшы болады" дейді. Мен де теміржолшы отбасынан шықтым. Әкемнің қалай жұмыс істегенін көріп өскен соң бала кезімнен "бұлай жұмыс істегім келмейді", "теміржолшы болмаймын" дейтінмін. Әкем таңғы алтыда кетіп, түнгі екіде бір-ақ келеді. Кішкентай кезімде әкемді көрмедім десем де болады. Заман солай болды. Теміржол саласында әкем үлкен жетістікке жетті деп айта аламын.

Жетінші сыныпқа дейін агроном болғым келді. Ауылдық жерде өстім. Екі атам да ауыл шаруашылығымен айналысты. Мен де мал бағып, егін егемін деп ойладым. Мектепте математикаға жақын болдым. Алматыдағы "Нархозға" түсіп, экономикамен айналысамын деп шештім. Мамандық таңдуда қателеспегенімен қуанамын. Қаржы саласында 15-16 жылдай жұмыс істедім. Қазір білім мен IT саласында жүрмін. EduNavigator оқушы кезімде болса, басқа да қабілеттерімді ашар ма едім.

2000 жылдары университетте оқыған кезде экономистер мен заңгерлердің заманы болды. Заманға сай білім алғымыз келді.  Болашақта қандай проблемалар кездесетінін, өкінішке қарай, бізге ешкім айтып отырмады. Интернет болмады. Қазір бәрі дамып жатыр. Еңбек министрлігінің болашақта жойылатын және жаңадан пайда болатын мамандықтар жайлы статистикасы бар. 

Университетке грант үшін ғана түсе салғандар өте көп. Бәсеке жоғары болғандықтан кей мамандықтарға грантқа түсу қиын. Ал кейбір мамандықтардың гранттары соншалықты төмен. Диплом алу үшін ғана оқу тенденциясын тоқтату керек. Балаларға диплом үшін ғана оқып қажет емес екендігін жеткізу қажет. Одан да олар кәсіп үйреніп, іс бастауды ойлау керек. Міндетті түрде диплом болуы керек деген түсінікті міндетті түрде кәсіп пен қабілетті дамыту керек деп ойлауды қалыптастыруымыз қажет.

Серіктестер жаңалықтары