Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп facebook желісінде Ресейдегі әскери жұмылдырудан қашып, Қазақстанға келген азаматтардың тағдыры жайында пікір білдіріп, өз ұсыныстарын жазды.
Сенатордың пікірінше, Үкімет басшысы ең бірінші кезекте бұл мәселе бойынша арнайы мемлекеттік комиссия құрып, оны өзі не орынбасарларының бірі басқаруы тиіс. Бұл комиссия Қазақстанға келіп жатқандардың санын, жасы мен жынысын, жұмысы мен мамандығын, басқа да жеке басына қатысты, оның ішінде түрлі қылмыстарға қатыстылығын анықтауға арналған мәліметтер базасын жасауы керек.
"Мемлекеттік комиссия келгендердің өтініштері мен басқа да тіршілікке қатысты бұйымтайларын дереу қарап, тиісті шешімдерді Үкіметтің қарауына ұсынуы қажет. Алдымыз – қыс. Келгендердің қаржысы, азық-түлігі таусылуы мүмкін. Елдегі қымбатшылық онсыз да өршіп тұр. Стратегиялық тұрғыда ең алдымен Қазақстан тұрғындары тарықпауы тиіс. Бұл ретте мемлекеттің материалдық-техникалық мемлекеттік резерві қаншалықты? Соның бәрі қайта есептелуі керек", – деп жазды сенат депутаты.
Оқи отырыңыз: Жанарбек Әшімжан: Қазір бүкіл дүние оттан көйлек киіп тұр
Ол сонымен қатар Ресейден келген азаматтардың балаларын оқыту мәселесін де қозғады.
"Келгендердің көбісі бала-шағалы, олар ертең балаларын оқытқысы келеді. Бәріне бірдей жаңадан орыс мектептерін ашуға тура келе ме? Менің ойымша, оқығысы келетін балалардың бәрін қазақ мектептерінде оқыту керек. Қазақстанда тұрғысы келсе осы талапты қабыл алғандары жөн", – деді Нұртөре Жүсіп.
Сенат депутаты көтерген өзге де ұсыныстар төмендегідей:
- Келгендер қалай емделеді? Бізде экстрн жағдайда ғана тегін емделеді. Басқа жағдайда ақылы. Тиісті прейскуранттар жасалуы тиіс. Мұнда да емдеу Қазақстан азаматтарының есебінен жүргізілмеуін қатаң қадағалу қажет.
- Құзырлы органдар – Ішкі істер министрлігі, ҰҚК, Шекара қызметі мен Миграция комитеттері Қазақстанның әр аймағына жергілікті өңірлер басшылыққа алатын нақты іс-әрекеттер пакетін әзірлеп, қажетті нұсқаулықтарды ұсынуы тиіс. Бірінші кезекте түрлі арандату әрекеттерінің алдын алу, ұлтаралық жанжалды болдырмау, елдегі тұрақтылық пен тыныштықты сақтауға бағытталған шараларды Мемлекеттік комиссияға ұсынуы қажет.
- Қазақстан Республикасының бірқатар заңдарына – Көші-қон, Отбасы және неке тәрізді заңнамаларға күн тәртібінен туындайтын нормаларға, әсіресе ықтиярхат алу мерзімі мен азаматтық алу мәселелеріне қатысты өзгертулер мен толықтыру енгізуге тура келетін сияқты. 90 күнгі ықтиярхат мерзімін қайта қарау керек. Азаматтық алу үшін қазақстандық тұрғындармен некеге отыру тәртібі қатаң қадағалануы тиіс.
- Келгендер елдегі пәтерақы мәселесін шарықтатып жібергені мәлім. Бұдан ЖОО орындары мен колледж студенттері едәуір зардап шегіп отыр. Модульды баспана салу арқылы келгендерді арнайы лагерлерге орналастыру, сол жерде Қазақстанның заңдары мен тұрмыс салтымен, мәдениетімен таныстыру, мемлекеттік тілді меңгеруге үйрету амалдары жасалса, қалай болады? Өз тағдырын Қазақстанмен байланыстырғысы келетіндер де, уақытша ықтиярхатпен тұратындар да осындай ортақ талаптарды қабыл алуы тиіс.
- ЖСН алу және банктерден есепшот ашу біздің елде қиындық тудырмайды. Бұл мәселе де тиісті мемлекеттік дәрежеде қадағаланғаны жөн. Шекараның арғы бетінде тұрмыс және жұмыс бабымен өткен азаматтарымыз тығылысқан жұртпен бірдей кезегін күтіп жатыр деген де ақпарат бар. Шекара қызметі Қазақстан азаматтарына жеке жасыл дәліз ашуы тиіс.