Тікелей эфир

Несиесін жартылай өтегендер өзін банкрот деп жариялай ала ма? Қаржы вице-министрі жауап берді

Несие бойынша ішінара өтем жасағандар тек араға 12 ай салып барып қана өтініш бере алады.

Банкроттық туралы заң аясында қарызы бар азаматтар 2023 жылдың наурыз айынан бастап банкроттыққа өтініш бере алады. Осы орайда, қаржы вице-министрі Ержан Біржанов соңғы 12 айда несиесін жартылай өтегендердің неліктен өтініш бере алмайтынын түсіндірді. 

"ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы" жаңа заңды түсіндіру бойынша семинарда қарызды шетінен өтеуге қатысты сұрақ қойылды. 

"Кейде іске сот орындаушы араласып, қарыз алушыны несиесін 5-10 мың теңгемен болсын өтеуге міндеттейді. Жаңа заңда бұл төлем жасалған болып есептеле ме? Егер мен соңғы 12 ай ішінде несиемнің кішкене бөлігін ғана өтеген болсам, өзімді банкрот деп жариялауым үшін тағы 12 ай күтуім керек пе?" – деп сұрады тұрғын. 


Оқи отырыңыз: Өзіңізді банкрот деп танып, қарыздан құтылу үшін не білу қажет? Ең түсінікті нұсқаулық


Вице-министрдің айтуынша, аздаған соманың өзі несиені өтеген болып есептеледі. Яғни, мұндай жағдайда азаматтар өзін банкрот деп жариялауға өтініш бере алмайды. 

"Қарыз алушы ай сайынғы несиесін белгіленген сомадан аз ақшамен жапқан болса да, бұл несиені төлеген болып есептеледі. Яғни, 12 ай мерзім ішінде төлемеді деген санатқа кірмейді", – деп түсіндірді Ержан Біржанов. 

Мұнымен қатар, ол бүгінде ресми жұмысы бар, бірақ тапқан табысының көп бөлігі несие төлеуге кетіп жатқан азаматтардың төлем жасау қабілетін қалпына келтіруге өтініш бере алатынын айтты. Бұл үшін олар сотқа жүгінуі тиіс болады.  

"Несие бойынша төлемдердің көп болатыны соншалық, адамда өзін дамытуға да уақыт болмауы мүмкін. Сол себепті азаматтар тікелей банкпен келісімге келе алмаса, сотқа жүгіне алады. Сот несие берушіні екі тарап үшін де тиімді қадам жасауға міндеттейді. Расымен де, көптеген банктің бұған келіспей, клиентінен максимум қаржы алғысы келетіні ешкімге құпия емес. Ал сот қарыз алушыда несиені өтеуге экономикалық стимул болуы үшін жағдай жасайды. Мысалы, қарыз алушы 600 мың теңге жалақы алып, оның 400 мыңымен несиесін жауып отырған болуы мүмкін. Ал оның бала-шағасы бар, отбасымен демалғысы келеді, өзін дамытып, белгілі бір шара өткізгісі келеді. Сондықтан сот керісінше ай сайын 400 мың емес, 200 мың теңге төлейтіндей етіп жасап бере алады", – деді вице-министр. 


Оқи отырыңыз: 2023 жылы зейнетақы жинағынан кім және қанша ақша шеше алады?

 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары