Елімізде несиенің ең жоғары сомасына шектеу енгізілуі мүмкін. Бұған халықтың жаппай кредит алуы себеп. Қазіргі уақытта халықтың 84%-ында несие бар. 2 миллионға жуық адам қарызын қайтара алмай отыр, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Төменгі палатада қарызға батқан қоғамның мәселесі егжей-тегжей қаралды.
"Қазір онлайн несиені 14-16 жастағы жасөспірім рәсімдей алады. Ол үшін смартфон мен интернет қана қажет. Осындай жаста қаржылық жауапкершілік алуға бола ма? Нәтижесінде олардың қарыздарын ата-аналары, атасы немесе апасы төлейді", – деді ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов.
Соңғы жылдары халық жаппай кредит ала бастаған. Тіпті қарызды жабу үшін жаңа несие алуға мәжбүр болып отыр. Қазір халықтың 84%-ында несие бар. Ал 90 күннен кешіктірілген қарыз көлемі – шамамен 1,5 трлн теңгеге жуықтайды. Демек, 2 миллионға жуық адам қарызын уақытылы төлей алмай отыр.
Оқи отырыңыз: Несие төлемін кешіктірсеңіз, не істеу керек? Маман кеңесі.
Қаржыгерлер қауымдастығы Кеңесінің төрағасы жалпы 8,5 миллионға жуық борышкердің 3 миллионға жуығының қарызы 300 мың теңгеден аспайтынын айтты.
"Жалпы, барлық тұтынушылық несиелердің жартысы тауарды бөліп төлеу үшін алынған қарыздар. Оларда пайыздық мөлшерлеме жоқ. Қажетті қаржылық тәртіпке сүйенсе, бұл қарыз алушыға қосымша шығын әкелмейді", – деді Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің төрағасы Елена Бахмутова.
Оқи отырыңыз: Үй жөндеуге арналған мемлекеттік несие. Оны кімдер және қалай алады?