Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақстанның бас мүфтиі болып қайта сайланды

Ол бұл лауазымда 2020 жылдан бері қызмет етіп келеді.

Бүгін Астана қаласында өткен Қазақстан мұсылмандарының Х Құрылтайында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти лауазымына Наурызбай қажы Тағанұлы сайланды. Құрылтайға жиналған 300-ге жуық делегат осы кандидатураға бірауыздан дауыс берді, деп хабарлады ҚМДБ баспасөз қызметі. 

"Құрылтайға еліміздің әр облысынан келген 300-ге жуық делегат менің кандидатурама дауыс беріп, сенім білдіріп, Бас мүфти лауазымына қайта сайлады. Бұл сенімді абыроймен ақтауға бар күш-жігерімді жұмсаймын. Жоспарлап отырған бірқатар жұмыстарымыз бар. Мәселен, алдағы 2025 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дербес мүфтият болып құрылғанына 35 жыл толады. Мерейтой аясында жоспардағы көптеген игі істерді жұрт болып жұмылып, халық болып бірігіп атқаруға баршаңызды шақырамын", – деді ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы. 

Айта кетейік, Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ төрағасы, бас мүфти лауазымына екінші рет сайланып отыр. Ол ҚМДБ жүйесінде 2006 жылдан бері жұмыс істейді: 

  • 2006-2011 жылдары ҚМДБ-ның Қарағанды өңіріндегі өкілі, Қарағанды қалалық №1 орталық мешітінің бас имамы.
  • 2011-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі басқарманың бас сарапшысы.
  • 2013-2018 жылдары ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, "Нұр Астана" орталық мешітінің бас имамы.
  • 2018 жылдың шілде-қазан айлары ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Түркістан қаласындағы кеңсе басшысы, Түркістан облысы бойынша өкіл имамы.
  • 2018 жылдың қазан айынан бастап ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, Республикалық "Әзірет Сұлтан" мешітінің бас имамы.
  • 2020 жылдың 7 ақпанында елордасы Астанада өткен Қазақстан мұсылмандарының кезектен тыс ІХ құрылтайында Бас мүфти болып сайланды.
  • 2024 жылдың 26 желтоқсанында Қазақстан мұсылмандарының Х Құрылтайында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти лауазымына қайта сайланды.

Оқи отырыңыз: 


 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
1

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары