
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Egemen Qazaqstan басылымына берген сұхбатында мектептің 10-11-сыныбының оқу бағдарламасына белгілі кәсіпке үйретуді қосу туралы ұсынысын айтты.
Депутаттың айтуынша, көптеген елде "Бір аттестат – бір мамандық" қағидаты сәтті қолданылады.
"Яғни оқушы мектепті бітіргенде, орта біліммен қатар белгілі бір кәсіптің иесі атанады. Бұл жастарға еңбек нарығына ерте араласуға, табыс табуға және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға жол ашады. Мысалы, оқушы мектеп кезінде шаштараз, тігінші, наубайшы, слесарь тағы басқа жұмысшы мамандығының нақты дағдыларын меңгерсе, бұл өзінің шағын кәсібін бастап кетуіне, қосымша табыс табуына жәрдемдеседі. Байқасаңыз, қазір көп түлек мектептен кейін қай бағытты таңдарын білмей абдырап, жүріп қалады. Өзінің қаламаған мамандығына оқуға түсіп, кейін оны аяқтаған соң, жұмыссыздар қатарын толықтырып жатады", – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Одан бөлек, депутат кәсіпкерлікке бейімдеу және қаржылық сауатты арттыру қажеттігіне де тоқталды. Оның сөзінше, барлық жас жалдамалы қызметкер бола бермейді, олардың ішінде кәсіп ашуға ниеттенгендері де бар.
"Бірақ бизнес бастау үшін тек қаржы емес, оны тиімді жүргізетін білім қажет. Осы ретте жастарға арналған стартаптар мен шағын бизнеске арналған бағдарламаларды кеңейту керек. Ал қаржылық сауатты мектеп, тіпті балабақшадан бастап үйретсе, артық етпейді", – деді мәжіліс депутаты.
Оқи отырыңыз: Балабақша жұмысын 19.00-ге дейін ұзарту – Оқу министрінің жауабы қандай