Тікелей эфир

Музей мен таза ауадағы сабақтар: Жазғы мектепке 2 миллионға жуық оқушы қатысып жатыр

Оқу, математика, қазақ тілі, ағылшын тілі, физика, химия сияқты негізгі пәндер бойынша өтеді.

Жазғы мектептің жұмысы 26 мамырда басталды. Ол 17 маусымға дейін жалғасады. Бүгінгі таңда 2 миллионға жуық бала осы мүмкіндікті пайдаланып, білімдерін шыңдап жатыр, деп хабарлады БҒМ баспасөз қызметі. 

"Олардың барлығы уақытты тиімді өткізіп, ыңғайлы кесте мен қызықты форматта оқиды. Жазғы мектептер емтихан тапсыратын 9-11 сынып оқушыларынан басқа, барлық оқушы үшін ұйымдастырылғанын айта кету керек", – деді министрліктің баспасөз қызметіндегілер. 

Оқушылар сабаққа дүйсенбіден жұмаға дейін қатысады. Оқу, математика, қазақ тілі, ағылшын тілі, физика, химия және т.б. сияқты негізгі пәндер бойынша өтеді.


Оқи отырыңыз: 1 миллион оқушыға мектепте орын қажет


"Жазғы мектептегі сабақтар сыныптағы оқушылар санына қарамастан өтеді. Бұл балалар үшін жақсы мүмкіндік. Себебі әр оқушы біліміндегі олқылықтардың орнын толтырып, жаңа білім алады. Оқу ыңғайлы кесте бойынша қызықты форматта өтеді. Мысалы, сабақтар музейлерде, таза ауада өткізіліп, әртүрлі экскурсия ұйымдастырылады. Балалардың жазғы мектептегі оқуға қызығушылығын, ынтасын арттыру үшін мұғалімдер баға қойып, үй тапсырмасын бермейді. Ал мектеп әкімшілігі мен ұстаздары жазда оқу барынша қызықты әрі танымды өтуі үшін барлық жағдайды жасауы керек", – деді БҒМ мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова.

Жазғы мектеп аяқталғаннан кейін мұғалімдер жыл сайынғы демалысқа шығады, ол 42 күннен 56 күнге дейін ұзартылды.

Серіктестер жаңалықтары